Жемқорлық күдігімен ұсталған шенеуніктің туыстары митингке шықты
Антикор жемқорлық күдігімен тергеліп жатқан адамның туыстары мен достары ұйымдастырған санкцияланған митингіге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Митингке жиналғандар айыпталушының кінәсіздігі туралы мәлімдеп, объективті тергеуді талап етті.
Астана қаласы бойынша Антикоррупциялық қызмет «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің Ұлттық сараптама орталығы» Жетісу филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Ол Ұлттық орталық басшылығына Алматы облысына осындай қызметке ауысқаны үшін 2 500 АҚШ доллары көлемінде пара берді деп күдіктеніп отыр, – делінген ведомсвто хабарламасында.
Күдікті 2023 жылы 31 наурызда соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған.
Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі, – деп атап өтті Антикор.
Фото: t.me/chinovnik_kz