ШҚО-да шамамен 2 миллион теңгеге швабра сатып алмақ болған
Шығыс Қазақстан облысында шамамен 2 миллион теңгеге еден сүрткіш пен 1,2 миллион теңгеге матрас сатып алмақ болған, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне сілтеме жасап.
Ведомтсво хабарлауынша, ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесінде «Семей медицина университеті» КЕАҚ Өскемен филиалы тұрмыстық заттарды жоғары бағамен сатып алмақ болғаны анықталған.
Білім беру мекемесі 1,9 миллион теңгеге бір еден сүрткіш (швабра) және 1,2 миллион теңгеге 1 матрас жиынтығын сатып алуды жоспарлаған, алайда еден сүрткіштің орташа нарықтық құны 25 мың теңге, ал матрастың бір жиынтығының бағасы шамамен 30-130 мың теңгені құрайды, — делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Антикордың жазуынша, мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзетулер енгізіліп, шамамен 3 млн теңге үнемделген. Үнемделген қаражат өзге тауарларды сатып алуға бағытталатын болады.
Антикор 2022 жылғы көрсеткіш бойынша 425 млн теңге бюджет үнемделгенін, ал осы жылдың басынан бері 205 млн теңге үнемделгенін жазды. Айта кетейік, мемлекеттік сатып алу мониторингі бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алу құралының бірі болып табылады. Оның негізгі міндеті – жоспарлау кезінде тауарлардың нарықтық құнын сақтап, бағаны негізсіз көтеруді болдырмау.
Фото: pixabay