Қоғам

Астанадағы Әскери-тарихи музейден Алаш әскеріне қатысты суреттер алынып тасталған

Бір апта бұрын Астанадағы Әскери-тарихи музейден Алаш әскеріне қатысты суреттер алынып тасталған. Бұл туралы журналист, алаштанушы Болат Мүрәсәлім жазды, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап. 

Музей түні болғасын, Астанадағы Әскери-тарихи мұражайға барғанбыз. Алаш әскеріне қатысты экспозицияларды көрсем деп едім. Өйткені, музей ашылғанда Берік Әбдіғалиұлы (қазіргі Ұлытау облысының әкімі – ред) ағамыз хабарласып, Алаш әскеріне қатысты құрастырған кітабымдағы суреттерді сұратқан болатын. Соны көрудің сәті түспей жүрген. Сөйтсем, Әскери-тарих музейдегі Алаш әскеріне қатысты бір қабырғаның көрнекі заттарын (суреттегі) бір апта бұрын тұтас алдырып тастапты, — дейді Болат Мүрсәлім.

Ол Қорғаныс министрлігінің осы әрекетіне түсіне алмағанын жазған. Министрлікке қазақтың азаттығы үшін күрескен Алаш милициясы мен Алаштың атты әскер полктері ұлт тарихының — мемлекет тарихының бір бөлшегі бола алмай ма деген сауал тастады.

Музейде қазір бұл тақырыпта Алаш көсемі Әлиханды атты әскер қарсы алып тұрған сәтті бейнелеген жалғыз картина ғана қалыпты, — дейді журналист.

Әзірге Қорғаныс министрлігі бұған қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Музейді 2022 жылдың шілдесінен бері Ләззат Әлжан басқарады.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қорғаныс министрлігі Тәуелсіз Қазақ елінің бастауында тұрған Алаш тарихына қарсы ма деп жазды.

Еліміз үшін ерекше қасиетті Алаш тарихына, Алаш әскеріне қатысты экспозицияларды тез арада қайтып орнына қойдырып, кінәліні анықтап, жауапқа тарту керек! Біз бұл мәселені жай қалдырмаймыз, Үкіметте көтеріп, қалпына келтіреміз! Мемлекеттік тілді білмейтін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мырза, бұл қалай, жауап беріңіз! — деп жазды депутат.

Фото: Facebook/Қазыбек Иса

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button