«Жығылған үстіне жұдырық»: Депутат елдегі субсидиялау механизміне көңілі толмайтынын жеткізді
Депутат Ерлан Сайыров Мәжіліс отырысында АШМ ұсынған субсидиялау механизіміне көңілі толмайтынын жеткізіп, аталған саланың кемшіліктері жайлы айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайыровтың айтуынша, өңірлерде 2022 жылы тауарлық субсидиялар 50% ғана, ал инвестициялық субсидиялар 30-40% төленген. Алынған қарыздар бойынша екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша да осындай жағдай орын алып отыр. Ал биыл бөлінген тауарлық субсидиялар былтырғы борышты өтеуге жұмсалып жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған, инвестициялық субсидиялар және екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге арналған жаңа gosagro.kz платформасы толық жұмыс істемейді, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланбаған, субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдауға қабілетсіз.
Өтелмеген қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені өтеу үшін субсидиялар алу мүмкіндігінің болмауы кәсіпкерлерді субсидиялау қағидатына сәйкес 6%-дың орнына банктерге кредиттің толық мөлшерлемесін 17-20%-ын төлеуге мәжбүр етеді.
Бұл онсыз да титықтап отырған шаруашылықтарға «жығылған үстіне жұдырық» болары сөзсіз.
Биыл астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражат бұрын-соңды болмаған мөлшерде қысқарған. Мәселен, Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге қажеттілік бола тұра, форвардтық сатып алуға тек 4 млрд теңге бөлінді, бұл көптеген шаруаларды айналым қаражатынан шектейді, — деп атап өтті Ерлан Сайыров өзінің депутаттық сауалында.
Қазақстандағы астық қоры 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өткен жылғы деңгейден бір жарым есе көп болған, майлы дақылдар қоры 22%-ға өскен. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері егіннің едәуір бөлігін сата алмады деген сөз. Депутаттың сөзінше, бұл биылғы егіс жұмыстарын жүргізуге қаражат тапшылығын тудыруы мүмкін. Осы орайда AMANAT партиясы Фракциясы отандық аграрлық секторды қолдау үшін келесі мынадай шұғыл шаралар қабылдау қажет деп санайды.
2022 жылға арналған субсидиялар барлық түрі бойынша барлық борыштарды қысқа мерзім ішінде төлеу. 2023 жылы ағымдағы субсидияларға өтінім беру жүйелерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Ағымдағы жылы субсидиялар төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуді көздеу.
Форвардтық сатып алу сомасын өткен жылғы көрсеткіштерге дейін ұлғайту.
Ішкі нарықтағы жүктемені жеңілдету үшін Тұрақтандыру қорына кемінде 1 млн тонна көлеміндегі бидайды интервенциялық сатып алуы қажет.
Күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығын алып тастау, бұл жыл сайын шілде-тамыз айларына келетін шикізат өңдеудің бәсеңдеуі кезеңінде нарықты қолдауға мүмкіндік береді.
Фото: Ж. Құспанов