«Суды мұғалімдер құдықтан тасиды»: Жетісу облысындағы ауыл оқушылары үш ғасырлық ғимаратта оқуға мәжбүр
Жетісу облысында тұрғындар инфрақұрылымның нашарлығына қапаланды. Балалар үш ғасырлық әрі суы жоқ ғимаратта білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz «Еуразия» бірінші телеарнасына сілтеме жасап.
Мектеп 1895 жылы салынған, құбыры тартылмаған. Сол себепті педагогтер 200 литрлік бөшкемен суды өздері тасиды. Онда да елден бұрын ерте барып тасымаса, тазасынан құр қалады. Өйткені мөп-мөлдір су құдықтан таңертең ғана ағады. Мектепте 16 маман жұмыс істейді.
Дүкеннің жанында құдық бар. Таңертен онда таза су ағады, одан кейін лайланады, – дейді Көкжар орта мектебінің директоры Әлия Мырзагелдинова.
Сонымен қатар мектеп ескірген, қабырғалары жарылған. Қанша жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, жағдайы мәз емес дейді.
Гимнастикалық зал, іс шара өтетін залдарды салу бойынша сұрау жіберілді. Жөндеу шаралары жүзеге асады, – дейді Алакөл аудандық бөлімінің басшысы Әсет Ибраимов.
Сондай-ақ тұрғындар ұялы байланыстың жоғына наразы. Интернет атымен жоқ. Зират маңында ғана ұстайды. Оқушылар сабақты ауданға барып оқуға мәжбүр екендерін айтты.
Интернет болмағандықтан, бос уақытта, демалыс күндері ауданда тұратын туысқандардың үйіне барамыз, – деді ауыл оқушысы Әмина Әбжан.
Жыланды ауылында 140-тан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі орман шаруашылығында жұмыс істейді.
Байланыс жағы қиын. Екі жыл бойы реттейміз деп уәде беріп келді. Телефонмен тек қырға шығып сөйлесеміз. Жаңбыр жауса, апталап байланыс жоғалады, – дейді тұрғын Александр Миллер.
Бұл мәселені шешу үшін облыстан қаражат бөлінген.
Сметалық жоба жасадық, 23 миллион теңге қаражат бөлінді. Шаралар шілдеде басталады, – деп мәлімдеді Жыланды ауылдық округінің әкімі Мәулен Сәдуақас.
Фото: видеодан скриншот