«Семей орманы» резерватының басшылары сотталды
«Семей орманы» табиғи резерватының басшылары жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
29 мамырда Абай облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты үкім жарияланды.
Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алуға кінәлі деп танылды, — делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратта.
Олар заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін берген.
Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал пара беруші 5 адам пара бергені үшін кінәлі деп танылып, 1,5 жылдан 3,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сотталғандар өмiр бойы мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттiк секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Фото: ашық дереккөз