«Үйде дәретхана бар. Бірақ су жоқ»: Қостанай облысының тұрғындары мердігерге ашулы
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы Ершовка ауылының тұрғындары 2019 жылдан бері уәде еткен ауызсудан күдерлерін үзбей күнелтіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауылды ауызсумен қамтамасыз етуге құны 1 млрд 224 млн теңгені құрайтын жоба аяқсыз қалып, қаражат ұстағанның қолы мен тістегеннің азуында кеткен секілді.
«Су» деген сөзді естіген Ершовка ауылының тұрғындары шарасыздан езу тартатын болыпты. Бұл күлкі төбесі көкке жетіп жалғанды жалпағынан басқан облыстың атқа мінерлерінің күлкісі емес, амалы таусылған абдыраған халықтың амалсыз езу тартуы болып отыр. Сондағы мәселе мынада жатыр, облыстың тізгінін ұстағандар бас болып, аудан әкімі қосшы болып 2019 жылы жаһанға жарсалғандай кейіппен алақандай ауылға су құбырын тарту жобасын жүзеге асыруға кірісіпті.
Әттең ақша мақсатты жұмсалса, Ершовка ауылының тұрғындары 2020 жылдың соңында таза ауыз суға қарық болып отырар еді. Тұрғындар қыста алыстан арбалап су тасымайтын болдық деген үмітпен сол жылы баспаналарына құбыр тартып, сақадай сай отырыпты. Бірақ, өкінішке қарай, бұл армандары енді ертегіге айналған секілді. Себебі, халықтың асыға күткен ауыз суы 2020 жылы да, 2021 жылы да, тіпті 2022 жылы да келмепті. Енді тарқан құбырлары қаңсып тұр.
Біз осы уақытқа дейін халықты әуре-сарсаңға салып қойған себептерді анықтауға аудандық әкімдікке әдейі атбасын тіредік. Бірақ алдымыздан шыққан Ұзынкөл ауданы әкімдігінің сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Владимир Шерстюковтан төмендегідей қысқа-нұсқа жауап алдық.
Бүгін суды қосатын шығармыз деген үміттеміз, — дейді Владимир Шерстюков сенімсіздікпен.
Владимир Шерстюковтың күмәнданатын өзіндік себептер бар екен. Оның жұмыс күні дерлік осы су құбыры тартылып жатқан жерден басталады екен. Әбден шарасы таусылған бөлім басшысының өзі де біреуге кепілдік беруден қорқады. Мұндағы мәселенің түп төркіні өз ісіне жауапсыз мердігер мекемеден басталыпты. Владимир Шерстюков су құбырын тартқан алғашқы қарағандылық «Энергия» мердігерлік мекемесімен соттасуға тура келіпті. Осылайша көп уақытты жоғалтқан көрінеді.
Рас, қарағандылық атақты «Энергия» компаниясымен біржолата қоштасу Владимир Шерстюковтың тағдырына жазылмаған екен. Өйткені, бұрғынғы мердігерден мұраға қалған ауыз су тарту жұмыстарын аяқтау үшін 2022 жылы жарияланған жаңа конкурста жеңіп шыққан «Лайф Строй Инвест» ЖШС бұрынғы ескі таныстары «Энергия» мекемесінің мұрагерлері болып шығып отыр. Бір сөзбен айтқанда атын өзгерткен бұрғынғы мердігер алдын күліп қарсы алыпты.
Олармен келісімшарт жасауға тура келді. Себебі, екінші мердігердің директоры да, құрылтайшысы да басқа адамдар. Ал ұжымдары сол бұрынғы қызметкерлер. Құжаттарға сәйкес, бірінші және екінші фирмаларды Қарағандыдан болуы сәйкестік емес. Біз мемлекеттік сатып алудың мұндай ережелеріне кінәлі емеспіз. Ол жерде барлығы қатыса алады, — деп түсіндіреді Шерстюков.
Бірақ «Life Stroy Invest» ЖШС қазіргі жұмыс қарқынына қарап, ауыл тұрғындарын ауыз суға қолы жетіп, қуанатын күндері әлі алыс секілді. Себебі, құрылыс нысанда жүріп жатқан жұмысты қарау мұң болып отыр. Оны ауыл тұрғындарыда айтып отыр.
Қазір ауа райы қолайлы болып тұр. Халықтың жағдайын ойласа, олар осы сәтте тәулік бойы еңбек етуі керек қой. Ал біз нысанда бір- екі сенделіп бос жүрген жұмысшыны көріп отырмыз. Төрт жыл бойы су құбыры салынып жатыр. Оны 2020 жылы тапсыру керек еді. Халық уәделерден шаршады. Бұл не масқара, — дейді «Ершовское» ЖШС директоры Сәбит Ағайдаров.
Мәселенің мәнін анықтауға бел буып, құрылыс нысанына бардық. Нысанда төрт жұмысшы ғана жүр. Олар өздерінің қай фирмада жұмыс істейтінін дұрыстап түсіндіре алмады. Осы тұста құрылыс алаңында мердігер «Life Stroy Invest» ЖШС-де емес, «Garant bulding» ЖШС қосалқы мердігерлері жұмыс істейтінін анықтадық. Бір сөзбен айтқанда, тапсырыс беруші Ұзынкөл ауданының сәулет және құрылыс бөлімі «Life Stroy Invest» ЖШС ақшасын төлейді, ал олар қосалқы мердігерлерді жалдайды. Заң бойынша бұған тыйым салынбайды. Бірақ, жұмысты жеделжүргізуге талап ете алмайтынын көрініп тұр.
Мен сізге ешқандай түсініктеме бермеймін. Біздің кәсіпорынның директорын әкімдіктен іздеңіз. Ол сол жерде құжаттарға қол қойып жатыр, — деп түсіндірді учаске бастығы Александр Мельник.
Әйтеуір суды күтуден шаршаған халықты тыныштандыру үшін аудандық әкімдік өкілдері апта сайын жергілікті тұрғындармен кездесіп, сабырға шақырып отыр.
Барлық деңгейдегі әкімдер тек уәде береді, келеді. Уәде береді және тағы да уәде етеді. Үйде дәретхана, қол жуғыш та орнатылып, дайын тұр. Бірақ су жоқ. Мен енді судың келетініне сенбеймін, — дейді ауыл тұрғыны Анна Колисниченко.
Осы ауыз суға келгенде ауыл халықының еңсесі түсіп, судың болатына сенімдерін жоғалтып отыр. Бірақ, аудандық билік өкілдері оптимистік көзқараста.
«Сен салар да мен салар, атқажемді кім салар» деп жүргенде желге ұшқан 1 млрд 224 млн теңгенің қайда кеткенін білмей қалмасақ болғаны.
Фото: дереккөз