Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Қадірлі отандастар! Сіздерді Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Исламның тағылымы мол діни дәстүрі. Құрбан айт адамдарды мейірімді, адал, жанашыр болуға, адамзаттың бәріне құрметпен қарауға үндейді. Осы құндылықтар ұлттың рухани өрлеуіне, қоғамда жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға ықпал етеді, – делінген Президент құттықтауында.
Тоқаев айт күндері мұсылман қауым бір-бірін құттықтап, жақындарына амандық пен жақсылық тілейтінін еске салады.
Шынайы көңілмен мұқтаж жандарға жәрдемдеседі. Мұның бәрі жұртшылықты жақындастырып, еліміздегі жалпыұлттық бірлікті, бейбітшілікті және келісімді нығайта түседі. Мейірімділік, имандылық, қайырымдылық – халқымызға тән ізгі қасиеттер. Ұлық мерекенің ұлағаты жұртымыздың табиғатына етене жақын. Сондықтан бұл мейрам ұлттық салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, бірге жасап келеді. Баршаңыздың дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік! – деді Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда