Шетелдік көліктерді уақытша тіркеу қашан басталатыны белгілі болды
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Тағы бір проблема Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде есептен шығарылмаған автокөліктерге және оларға қойылған шектеулерге байланысты болды. Көрсетілген автокөліктер бойынша заңдастыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Алайда басқа елде бұрынғы тіркелген жері бойынша олар есептен шығарылған жағдайда, заңдастыру шарттарында бастапқы тіркеуден өтуге немесе оларды кері әкету туралы міндеттеме бойынша оларды 5 жыл мерзімге уақытша есепке қояды, — деді Сұлтанбаев.
Ол атағандай, уақытша есепке қою кезінде Қазақстан Республикасының көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі.
Тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деген жазбалары көрсетіледі.Шетел автокөліктерінің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік белгілері Мемлекеттік корпорацияға сақтауға тапсырылады. Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуге шешім қабылдаса, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруы керек, — деді ол.
Содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылады.
Ал егер осы авткөліктерді Қазақстан азаматтары Қазақстанда бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса:
— алдымен, бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарады;
— оларға 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төлейді.
Яғни, оларға заңдастыру шарттары қолданылатын болады және утилизациялық алым төленбейді. Біз бұл жұмысты биылғы 17 шілдеден бастауды жоспарлап отырмыз.Қазір біз автокөліктерді уақытша есепке қою үшін тиісті сервисті пысықтап жатырмыз, — деді Қайсар Сұлтанбаев.
Фото: pixabay