Елорда: Жағалау шағын ауданының мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі – Жеңіс Қасымбек
Елорданың Жағалау шағын ауданының мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасына жазды.
Жағалау шағын ауданының тұрғындарымен кездестім. Бұл – қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандарының (Нұра жаңа ауданы) бірі. Мұнда ауқымды жұмыс қажет: инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарды салу бойынша да, абаттандыру бойынша да. Жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Мәселен тұрғындар ТК жөндеу, нақтырақ айтқанда, қасбет, әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер, жолдар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, көгалдандыру, жарықтандыру, қосымша маршруттарды іске қосу секілді т.б. мәселелерді көтерді. Бұл қарқынды дамып келе жатқан шағын аудан болғандықтан желілер қаланың балансына толықтай берілмейді, сол сияқты жарықтандырумен барлық жер бірдей қамтылмаған. Осы жазда бірқатар желіні балансқа аламыз, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ қала басшысы мектеп салу мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, тек Нұра ауданының өзінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2-3 жылда 9 ірі мектеп салуды жоспарланған. Оның ішінде үш мектеп – Жағалау шағын ауданында. Аудан бойынша инвесторларды жұмылдыру есебінен 18 мектеп және жұмыс істеп тұрған мектепке бір корпус салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Жағалау шағын ауданын дамытуға бюджет қаражатынан бөлек инвесторларды да тартатын боламыз. Сол сияқты абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлеміз. Көтерілген проблемаларды шешу бойынша кесте жасаймыз: жұмыстың бір бөлігін биыл, екінші бөлігін алдағы жылдары орындаймыз. Жағалау шағын ауданы кезең-кезеңімен сол жағалаудың келбетіне енетін болады, – деп жазды әкім.
Фото: krisha.kz