Қоғам
Бишімбаевтың ісіне қатысты тергеу қашан аяқталатыны белгілі болды
Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеудің мерзімі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қожаевтың айтуынша, тергеу жақын арада аяқталуы тиіс. Сараптама нәтижесін күту керек.
Тергеу, сараптама қорытындысы, іс аяқталған соң екі тарапты құжаттармен таныстыру қажет. Бұл да уақытты алады. Содан кейін іс сотқа жіберіледі, — деді министрдің орынбасары.
Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, әңгіме экс-министрдің әйелі туралы. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.
Сондай-ақ сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету стансасы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол — Қуандық Бишімбаевтың әйелі.
Фото: Sputnik/Болат Шайхинов