Сенаторлар Палата отырысының күн тәртібін бекітті
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда 25 қаңтарда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Соған сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Бұл заң инвестициялық қызметті жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру арқылы тараптардың экономикалық ынтымақтастығын жандандыруға арналған.
Сондай-ақ Құжат өтемақы төлеуді, халықаралық арбитражға қол жеткізуді, елдердің шетелдік инвестицияларға әділ және тең қатынасын қамтамасыз ету арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығарудан қорғауды қамтамасыз етеді.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралады.
Келісімнің негізгі міндеті – инвесторлардың инвестициялық қызметті іске асыруы кезінде олардың құқықтарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалыптастыру.
Сонымен қатар Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.
Фото: Н.Байбулин