«Қызылжар атауы кімге керек?!»: Бурахан Дақанов солтүстік өңір орыстанып бара жатқанын айтты
Бүгінде Қызылжарда тұрып, халықты оңтүстіктен солтүстік өңірлерге көшуге үндеп жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, Солтүстік Қазақстанда қазақ мектептері аз екенін, балалар тілінен ажырап бара жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балалардың «Қ» әрпіне тілі келмейді
“Ашынғанда шығады ащы даусым” демекші, мына жағаұстатарлық статистиканы қарап, біздің неге шыңғырып жатқанымызды түсініп көріңіз. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 458 мектеп бар. Соның 244 мектебі орыс, 105 мектебі аралас және таза қазақ мектебінің саны 109!!! Тіпті Петропавл қаласының өзіндегі 36 мектептің 6-сы ғана қазақ мектебі. Орыс мектебінің саны – 22. Жалпы облыста 75 018 бала сабаққа барса, соның 25 бөлігі ғана, яғни төрттен бірі ғана қазақ тілінде білім алады. Бір қызығы, орыс мектебінде оқитын қалған 56339 баланың 26 пайызы қазақ балалар. Демек, аралас мектеп деген алдамшы, бәрі таза орыс мектептер болып тұр! Өскелең ұрпақтың, осы қалада өмір сүріп, иелік ететін болашақ ұрпақтың 75 пайызы «Қ» әрпіне тілі келмейтін орыстілді болса, Қызылжар атауы кімге керек сонда а?! Біздікі не айқай?! – деп жазды ол.
Бурахан Дақановтың айтуынша, бізге қайтсек те солтүстікте қазақ балаларын, қазақша оқитын балаларды көбейтуіміз керек.
Оның бір жолы бар, ол оңтүстік өңірлердегі жетімханаларды бала-шағасымен cолтүстікке көшіру. Жалпы Жетімханалар орталықтан қаржыландырылады. Демек ол ғимарат Шымда тұр ма әлде Қызылжарда ма — қатты айырмашылық жоқ. Егер де бұл іске асса, солтүстікке жаңа қан құйылып, оқушылар арасында теңсіздік жойылады деп есептеймін. Оның үстіне олар осында өсіп-өніп, үйленіп, көбейіп, мына жерге қызмет қылмай ма, ә (жоба бізде дайын, тіпті орындарды да белгілегенбіз — бірақ бізді ешкім тыңдамады)? – дейді қоғам белсендісі.
Сондай-ақ ол оңтүстіктен солтүстікке көшетіндердің аудиториясын ауыстырып, үгіт-насихатты диқан, малшы, шаруа арасында жүргізу керек деген ұсыныс айтып отыр.
«Не эффективно. Пустая трата денег» деді
Оңтүстіктегі студенттерді солтүстікке жаппай алдыру үшін бір ірі оқу орнын Петропавлға көшіру керек, сонда қаладағы қаракөздер көбейеді дедік. Оған бізде “Серпін” бағдарламасы бар. “Не эффективно. Пустая трата денег” деді. Мыңқ-мыңқ етіп даусымыз шықпай қалды.
Ойбай, солтүстікке көшкендерге жер береміз дейді. Оған біз: көшіп келгендердің бәрі оңтүстікте жұмыс таппай жүрген дәрігер, мұғалім, полиция, т.с.с кісілер, ондай адамға жер керек пе өзі? Оның үстіне жер алды дегеннің өзінде оны жыртуға, баптауға, егуге техника керек. Ол техниканы алу үшін қыруар қаржы керек. Өзі кеше ғана үйсіз болып мында көшіп келген азамат техникаға ақшаны қайдан алады дедік біз. Көшетіндердің аудиториясын ауыстырайық. Үгіт-насихатты диқан, малшы, шаруа арасында жүргізейік. Арнайы соларға бағдарлама ашайық. АШМ-ді қосайық дедік біз. Өтірік мақтап, арқадан қағып шығарып салды.
Одан кейін «TAUEKEL» ұйымына қаржы беріп, оңтүстікке жіберіңіздер, біз әлгі Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда көп баласымен времянкілерде тұратын адамдарды іздеп тұрып, жеке-дара үгіттейік дедік. Соларды көшіріп, мына жақтағы ауылдарды құтқарайық дедік. Оған “е, олардың үй алатын мүмкіндіктері жоқ” деді. Онда біздің «TAUEKEL»-ге ақша бөліңдерші, біз ескі үйлерді өзіміз балансымызға сатып алып, жөндеп, ың-шыңсыз көшіре берейік, тіпті мына сапасыз жаңа үйлерді де бізге беріңдерші, біз жөндетіп, бағып-қағып, ішіне адам толтыра берейік дедім. Тағы да ешкім үндемеді, – дейді Бурахан Дақанов.
Осы орайда қоғам белсендісі жергілікті билік ұсыныстарына қолдау білдірмей жатқанын, әбден шаршағанын айтты.
«Әбден шаршадым»
Солтүстікке көш бағдарламасы не эффективно деді, адамдар кері көшіп жатыр деді. Әрине, дедік біз, өйткені көшкен адамға аз-паз ақша, үй, жұмыспен қоса рухани қолдау деген дүние қажет. Бізге қаржы беріңіздерш, біз офис, кол-центр ашып, солармен мақсатты түрде жұмыс жасайық. Көшіп келушілердің социализация, интеграция жақтарын, адаптация яғни жергілікті халықпен араласу мүмкіндігін дамытайық. Соңғы айда екі көшіп келушінің үйі өртенді, соларға қызмет көрсететін ситуативті орталығымыз болсыншы, қорымыз болсыншы дедім. Бюджетте ақша жоқ деді. Уф дедік те қалдық. Қысқасы, өстіп жүрміз. Билікте бізді танымайтын адам кемде-кем қазір. Бірақ ол мүмкіндіктің пайдасы қазіргі уақытта тым елеусіз болып тұр. Шынымды айтсам, жаңбыр жаумаса да күркірей беретін, қолынан қайрақ та келмейтін найзағай секілді сезініп барам өзімді. Әбден шаршадым. Айтыңызшы, мыналарды істеу үшін, істету үшін біздің не істеуіміз керек? – деді Бурахан Дақанов.
Фото: ашық дереккөз