Үкімет басшысы елорданың бірқатар нысанын тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың бірқатар инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени нысанына барды, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Үкімет басшысы «Интернациональный» тұрғын алабындағы қуаты тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 жаңа сорғы-сүзгі станциясының жұмысымен танысты. Оның іске қосылуы елорданың ауызсу қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік берді.
Өткен жылы сумен қамтамасыз етуде проблемалар болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті шаралар қабылданып, 2027 жылға дейін қажетті қуат қоры қалыптастырылды. Инженерлік инфрақұрылым ұдайы озық қарқынмен дамуға тиіс. Проблемаларға жол берілмеуі керек, — деді Олжас Бектенов.
Одан бөлек Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан және қуаты тәулігіне 210 мың м3 болатын №4 сорғы-сүзгі станциясынан ұзындығы 200 км су құбырын салу жобаларын әзірлеу басталды. Бұл елорданың 2035 жылға дейінгі қажеттіліктерін өтейді.
Сонымен қатар Премьер-министрге Астананың басқа да тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің дамуы туралы баяндалды. Үкіметтің қолдауымен бірқатар жаңа нысан құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда 3-ші ЖЭО-ның бірінші кезегі, сондай-ақ қуаты сағатына 1 100 Гкал болатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» екі газ жылу станциясы іске қосылып, қаланың жылу беру қуаты 30%-ға ұлғайды.
Астананың энергия көздерінің жалпы қуаты сағатына 3,7 мың Гкал-дан асады. Қазіргі жылу беру маусымында қаланың ең жоғары тұтыну деңгейі шамамен сағатына 3 мың Гкал-ды құрады. Осылайша, профицит сағатына 700 Гкал-ға жетіп отыр, бұл қаланың қажеттіліктерін 2027 жылға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте 2024 жылы «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегін, «Тельман» станциясының бірінші кезеңін және 3-ші ЖЭО-ның көмір бөлігін толығымен аяқтау, 2-ші ЖЭО-ны кеңейту жобасын бастау және «Оңтүстік-Батыс» станциясын жобалауға кірісу жоспарланып отыр. Осы жобалардың барлығын іске асыру 2035 жылға дейін қажетті жылу қорын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ елорданы газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 13 тұрғын үй алабында 12,5 мыңнан астам абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Қазіргі уақытта қуаттылығы 460 мың м3/сағ болатын екі автоматтандырылған газ тарату стансасы жұмыс істейді. Бұл ретте, жаңа энергия көздерінің іске қосылуын және тұтынудың өсуін ескере отырып, биыл қуаты 350 мың м3/сағ жаңа АГРС-3 құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жобаны аяқтау мерзімі 2025 жылға дейін.
Сонымен қатар Үкімет басшысына елорданың электрмен және сумен жабдықтау жүйелерін нығайту жұмыстары, автожолдарды күрделі жөндеу және кәріздік жүйелерді жаңғырту жоспарлары туралы ақпарат берілді.
Олжас Бектенов Төле би көшесіндегі 2 мың орынға арналған жайлы мектеп құрылысының барысымен танысты. Аталған нысанның ашылуы осы жылдың тамыз айына жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Республикада 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті іске қосу жоспарлануда. Олардың құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүргізіледі. Бұл ретте ауылдық жерлерде 163 мектеп салынады.
Олжас Бектенов бұл жұмыстарда отандық өндірістің құрылыс материалдары мен жиһаздарын белсенді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Премьер-министр ШЫҰ желісі бойынша және Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін іс-шаралар кезінде пайдаланылатын Тәуелсіздік сарайы мен «Қазанат» ипподромының аумағындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі