Министр «9-20-25» бағдарламасы бірнеше жылға жоспарланғанын айтты
«9-20-25» бағдарламасы бірнеше жылға созылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni.
Биыл наурыздан бастап «9-20-25» бағдарламасы іске қосылғанын білесіздер. Бірінші күннен бастап шамамен 1 мың өтінім түсті. «Отбасы банкі» жұмыс істеп жатыр. Мамырда алғашқы өтінім мақұлданып, бағдарлама нақты іске қосылады, — деді Нұрлан Байбазаров Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр аталған бағдарлама бірнеше жыл бойы жұмыс істейтінін жеткізді.
Бағдарлама бірнеше жылға созылады. «Бәйтерек» холдингі өз қаражаты және (нарықтан) тартылған қаржы есебінен бағдарламаға қолдауды жоспарлап отыр, — деді премьер-министрдің орынбасары.
Былтыр бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайылов 2024 жылы «9-20-25» жаңа ипотекасының іске қосылатынын хабарлады. Сондай-ақ экс-премьер жаңа бағдарламаны іске қосу үшін бюджеттен қаражат бөлінбейтінін айтқан.
Жаңа ипотеканы жүзеге асыру үшін жыл сайын 150 миллиард теңге қаражат керек. Бағдарламаны іске қосуға нарықтан 100 миллиард теңге, «Отбасы банктің» таза табысынан 50 миллиард теңге бөлуіміз қажет болып отыр. 9 пайыздық мөлшерлемеге шығу үшін осылай қаржыландырудың екі көзін қарастыруға тиіспіз, — деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін хабарланғандай, жаңа бағдарлама аясында жыл сайын 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге болады. Қазір жаңа бағдарламаны «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі бірлесе әзірлеп жатыр. Аты айтып тұрғандай, бағдарламада 20 пайыз бастапқы жарна салып, 9 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін баспана несиесін рәсімдеуге болады.
Фото: ашық дереккөз