«Әділетті Қазақстан қашан орнайды?»: Депутат Әділет министрін сынға алды
Депутат Ринат Зайытов Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі Азамат Есқараевқа сауалды төтесінен қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат Қылмыстық кодекстің бір бабымен адамды соттап, ал екінші бабымен қорғап отырғанымызды айтты.
429-бапта, өзіңіз білетіндей, «қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкерімен және оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамдарға күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына және өміріне қол сұғу» туралы айтылған. Бұл қалай? Сонда біз Қылмыстық кодекстің бір бабымен адамды соттап, ал екінші бабымен қорғап отырмыз. Бұл неге жол ашып отыр? Мекеме әкімшілігімен келісімге келіп, басқа сотталушыларға зорлық-зомбылық көрсетіп отырған фактілер жетерлік. Осы орайда біз «сондай-ақ сотталған адамға қатысты» деген жерін алып тастауды сұрап отырмыз. Сіздің пікіріңізді білгім келеді, — деді ол.
Мәжілісмен азаматтарды еш себепсіз көшеден алып кетіп, қамайтын фактілер көбейгенін айтты.
Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Жоғарғы соттың өкілдеріне арналған біздің президенттің халыққа үміт берген «Әділетті Қазақстан» деген сөзі бар еді. Қазір Қазақстанда кез келген адамды көшеден алып, қамай салатын Ішкі істер министрлігі бар. Оған жоқ жерден айып тағатын прокуратура бар. Оған шешім шығара салатын сот бар. Осы орайда сұрақ: Әділетті Қазақстанды орнатуды қашанға жоспарлап отырсыздар, — деді депутат.
Дегенмен Әділет министрі Зайытовтың пікірі дұрыс екенін, арнайы жұмыс тобында бұл мәселені талқылайтындарын айтты.
Ал Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев пен Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жауап қатпады.
Фото: parlam.kz