ҚР Ресейдегі елшісі Сирияда 30-дан аса қазақстандық соғысып жүргенін айтты

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев РИА Новости-ге берген сұхбатында Сириядағы қарулы топтар құрамында 30-дан аса Қазақстан азаматы соғысып жүргенін айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Сириядағы жекелеген қарулы топтар құрамында 30-дан астам қазақстандық бар. Олардың басым бөлігі Қазақстанға қайтқысы келмейді. Кейбіреулері Сирия азаматтығын алып, сонда тұрақтап қалғысы келеді, – деді елші.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев күрд жасақтарының бақылауындағы «Аль-Холь» және «Родж» босқындар лагерлерінде 10-нан астам қазақстандық бар екенін айтады. Олар да елге оралуға ниетті емес.
Қазақстан бұған дейін «Жусан» және «Русафа» арнайы гуманитарлық операциялары арқылы Сириядан 600-ден астам азаматты, оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел және 406 баланы елге қайтарған еді. Алайда, елшіліктің мәліметінше, Сирияда соғысып жүргендер ғана емес, тұтқынға түскен қазақстандықтар да бар.
Олардың нақты саны белгісіз.
Фото: РИА Новости