ТЕК ПЕН ТӘЛІМ

Мен майталман журналист, қоғам және мәдениет қайраткері, халқына қызмет етуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған қазақтың біртуар ұлы Жұмабек Кенжалинмен бір-екі рет қол берісіп амандасқаннан басқа өмірімде тілдесіп көрмеген адаммын.
Есімде қалғаны Жұмекеңді екі-үш рет көргенім. Екі рет «Егемен Қазақстан» газеті редакциясынан көрдім. Үшінші жолы егемендік журналистерге арналып салынған «Егемен» атты тұрғын үй кешенінен баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанда көрдім. Жұмекең ұлы Дастан екеуі жоғары көтеріліп келе жатыр екен. Егемендік басқа журналистермен қатар бір ұжымда еңбек етіп жатқан Дастан екеуімізге де осы тұрғын үй кешенінен пәтер тиіп, қуанышты жағдайда жүрген кезіміз еді. Жұмекеңнің баласына берілген пәтерді көруге келе жатқанын іштей шамаладым. Сонда бір қол берісіп амандасып өткеніміз есімде. Жұмекеңмен нақты таныстығымның барлық шегі осымен тәмәм.
Осылай десек те, Жұмекеңді мен сырттай болсын біраз білетін едім. Өйткені ол ел көзіне ерте түскен журналистика марғасқасы еді. Журналистика саласында басшылық қызметтер атқарды. Сонау қиын-қыстау жылдары жабылғалы тұрған біраз басылымның басын қосып, «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамын құрып, өзі соған басшылық жасап, осы арқылы қаншама басылымды нарық қыспағынан аман алып өтті. Былайша айтқанда, мықты жазушы, журналист қана емес, қазақ баспасөзінің нарық жағдайына өтуіне үлкен күш-жігер жұмсаған журналистиканың нағыз серкелерінің бірі болды.
Жұмекең туралы алғашқы әңгімелерді Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде қызмет еткен жастық шағымнан бастап курстастары Уәлихан Тоқпатаев пен Ғабдул-Ғазиз Есенбаевтардан естігенім де есімде. Олар Жұмабектің аса еңбекқор жігіт екенін, студент кезінде лениндік стипендиямен оқығанын, Алматыда тұратынын және шығармашылық тұрғысынан да, қызмет бабында да жақсы өсіп келе жатқанын айтып, мақтап отыратын. Олардың бұл айтқандары көп өтпей-ақ расқа шығып, Жұмабектің Қазақстанда енді ғана пайда болған Парламенттің баспасөз органы «Халық кеңесі» газетіне басшы болып тағайындалғанын да білетін едім. Оның үстіне мені Жұмекеңмен сырттай да болсын жақындастыра түскен тағы бір жай бар еді.
Менің 2008 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Байлықтың қауіпсіз де төте жолы» деген мақалам Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының қалыптасуы мен проблемалық мәселелеріне арналған еді. Жаңадан пайда бола бастаған бұл қаржы нарығының дамыған елдердегідей халықтың қалың бөлігін, әсіресе, қарапайым адамдар мен отбасыларды қамти алмай отырғандығы, сондықтан халық қолындағы қаржыны экономикамызға жергілікті инвестиция көзі ретінде тартуға әлі де болса мүмкіндіктің жоқтығы, халықтың ақша салатындай басқа жері болмағандықтан ол тек тұрғын үй құрылысы мен банктер депозитіне ғана тартылып, тұрғын үй бағасының өсімін туындатқаны жайлы айтылған еді. Менің ойымша, бұл проблемалар Қазақстан үкіметінің алдында әлі күнге дейін өткір тұр. Анау Алматыда кезінде құрылған Қаржы орталығы, онан кейін құрылған атағы дардай, бірақ халық үшін қызметі жұмбақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы банктер мен ірі акционерлердің сауда-саттық құралдары ретінде ғана жұмыс істеп келеді. Қазақстанның қарапайым азаматтарына көп қайыры болмағандықтан, жүректерін жылыта алмағандықтан халықтан да бұлармен ісі жоқ. Демек, бұл құрылымдар еліміздің экономикасы мен қаржы саласының дамуына дұрыс қызмет ете алмай келеді.
Сонымен әңгіменің негізгі сүресіне қайта оралсам, сол бір беттік көлемді мақалам редакцияда өткен апталық лездеме кезінде жоғары бағаға ие болып, біраз мақтаулар да естігенім есімде.
Осы мақала жарық көргеннен кейін көп өтпей белгілі меценат, кәсіпкер Марғұлан Сейсенбай құрған Альянс банкі қаржы тақырыбында жазатын журналистер арасында шығармашылық байқау жариялады да, аталған мақаламды сонда жолдадым. Бағым жанып, мақалам бәйгеден келіп, банктің қомақты қаржылай сыйлығына ие болдым.
Осыдан кейін бірде интернетті шарлап отырып, «Байлықтың қауіпсіз де төте жолы» атты сол мақаламды орыс тілінде талдаған кереметтей еңбекке тап болдым. Мақалама жақсы баға берген бұл туынды едәуір деңгейде үлкен еңбек болып шықты. Тек менің ғана мақаламды емес, сонымен қатар тағы да бес-алты журналистің еңбегін бүге-шігесіне дейін талдапты. Оның көлемі мен академиялық стиліне қарап, мұның қарапайым мақала еместігін, үлкен ғылыми монографияның бір бөлігі немесе тарауы екенін ұға қойдым. Менің қазақ тілінде жазған мақаламның орыс тіліндегі монографияға енгені өзіме қызық көрініп, ақыр аяғына жеткенге дейін мұны жазған кім екен деп ойлаумен болдым. Аяғына жеткенде барып еңбектің авторы Жұмабек Кенжалин екенін білдім.
Сол еңбекті оқып шығып үш мәселеге тәнті болдым. Біріншісі, Жұмабектей абыройлы азаматтың менің мақаламды елеп-ескеріп, өзінің монографиялық еңбегіне енгізгені болса, екіншісі өзім қазақтілді журналист ретінде білетін Жұмекеңнің орыс тілінде де жақсы жаза алатындығы, үшіншісі, журналистік қызметі, көптеген ұйымдастырушылық жұмыстарымен ғана шектеліп қалмай, монография жазып, ғылыми диссертация қорғауға дайындалып жатқаны болды. Осы үш жағдайдың өзі оның еңбекқорлығын, үнемі ізденіс үстіндегі тынымсыз жан екенін және жан-жақты өсу үстінде келе жатқанын білдіретін еді.
Енді осыған қосымша тағы бір қызық жай, Альянс банкі журналистер үшін ұйымдастырған сол бір шығармашылық байқауға төрелік еткен қазылардың жетекшісі де Жұмекеңнің өзі болып шықты. Бұл жайды мен жуықта ғана «Егемен Қазақстанда» бұрыннан қызмет етіп келе жатқандар үшін вацап әлеуметтік желісі арқылы құрылған «Көзкөргендер» чатынан білдім. Сол чатқа Жұмекеңнің ұлы Дастан Кенжалин әкесі туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлының «Айқын» газетінде жарияланған «Әділетті ардақ тұтқан тұлға» атты естелігін жүктепті. «Мен өз өмірімде қатар жүрген азаматтардың ішінен Жұмабектей еңбекқор, ісіне тиянақты да тындырымды, ойға алып, бастаған әрбір жоспарлы ісін жеріне жеткізе жүзеге асыруға жан салатын іскер адамды көрген емеспін» деп жазыпты автор сол естелігінде.
Мұнан әрі қарай біздің чатымызда егемендік көзкөргендер болып Жұмекеңді еске алдық. Реті келіп тұрған соң мен де әңгімеге араласып, Жұмекеңнің мені онша танымағанымен, жоғарыда аталған мақаламды өзінің монографиялық еңбегіне енгізгенін, оны кездейсоқ интернет желісінен көргенімді айтып, баласы Дастанға ризашылығымды жеткіздім. Сол кезде барып Дастан: «Әкем сіздің осы мақалаңызға журналистік шығармашылық байқаудың жүлдесін алып берген екен. Оны білетінім, әкем екеуіміз «Егемендегі» пәтерімізге баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда, сіз жеңгеймен бірге сыртқа шығуға беттеп келе жаттыңыздар. Сол кезде амандастыңыздар. Сіздер сыртқа шығып кеткеннен кейін әкем «Егемен Қазақстанның» журналисі Сұңғат Әліпбайға шығармашылық байқаудың жүлдесін алып беріп едім. Оны біле ме екен?» деп менен сұрады. Мен «ол жағын білмеймін» дедім. Әкем сол кезде сіздің мақалаңызды мақтады» деп болып өткен оқиғаны айтып берді.
Сол кезде ғана барып мен Альянс банкі өткізген сол шығармашылық байқауға Жұмекеңнің төрелік жасағандығын және менің мақаламның ол кісінің монографиясына ену сырын түсіндім. Яғни болып өткен оқиғадан 15-16 жылдай уақыт өткеннен кейін барып қана маған барлық шындық ашылып отыр.
Осыны естігеннен кейін барып менің көңілімді ризашылық пен өкініш қатар кернеді. Риза болғаным, Жұмекеңнің біреуге жақсылық жасай тұрып, оны ешқандай бұлдамайтын, бұлдағанды қойып, әңгіме де қылмайтын азаматтығы болса, өкінгенім ол кісіге әділдігі үшін алғысымды білдіре алмай қалғаным болды. Өйткені ол кезде маған ол кісінің менің мақаламды монографиясына енгізгені де мәлім емес еді. Қанша жыл бір газетте бірге қызмет істегенімізбен баласы Дастан да тіс жармаған. Әңгіменің реті келгенде барып сыртқа шығарып отыр. Әрине, тегіне біткен жақсы қасиет қой бұл. Әйтпесе, сол баспалдақ үстінде кездесу – алғыс айтудың әбден жөні келген кез екен. Бірақ «білмеген у ішеді» деген осы ғой.
Бұл менің Жұмекеңді соңғы рет көруім еді.
Менің өмірдегі бір бақытым, журналистік жолымда жақсы адамдардың көптеп кездесуі болды. Солардың арқасында менің еңбектерім еленіп, қызметімді аудандық газеттен бастап, республиканың басты басылымына дейінгі жарқын да жемісті жолды жүріп өттім, талай шығармашылық журналистік байқаудан оза шауып жүлде алып, жеңіс тұғырына көтерілдім. Өзіме жақсылық жасаған сол адамдардың барлығының бейнесі менің көз алдымда. Тіпті өзіме білдіртпей келіп қолтығымнан демеген қазақ журналистикасының серкесі Жұмабек Кенжалиндей ақ періштемнің бар екенін де енді білдім.
Рухыңыз шат, иманыңыз саламат, барған жеріңіз жұмақ болсын, Жұмеке! «Ештен гөрі кеш жақсы» деп, Сізге деген ризашылық көңілімді осы естелікті жазу арқылы білдіріп отырмын! Ұрпағыңыз бақ-берекелі болсын!
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Ақпарат саласының үздігі,
«Егемен Қазақстан» газетінің ардагері.
Астана қаласы
Фото: Ж. Кенжалиннің жеке мұрғатынан