Санатсыз

Ұлттық қорда 69 млрд доллар болған: Депутат Ұлттық банкті қатаң сынға алды

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков Ұлттық банкті сынға алып, қаржы ұйымының Ұлттық қор активтерін басқаруда ашықтық танытпайтынын айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.

Ұлттық қордың активтерін Ұлттық банк басқарады. Бұл 2024 жылдың аяғында шамамен 69 миллиард доллар болған. Алайда жұмсалым құрылымы, тәуекелдер мен кірістілік қоғам мен Парламент үшін жабық күйінде қалып отыр, – деді ол.

Жоғары аудиторлық палата да есептерде толық ақпарат берілмейтінін растайды. Атап айтқанда, қаражат қай елдерге және қандай валютада салынғаны көрсетілмеген, стресс-тесттер мен бақылау жүйесі туралы ақпарат жоқ.

Ерлан Стамбековтің айтуынша, шет елдердегі халықаралық қорлар инвестициялық есептерді жариялап отырады.

Норвегиялық, сингапурлық және Абу-Даби қорлары сияқты халықаралық қорлар толық инвестициялық есептерді жариялап отырады, ал Қазақстанда әлі күнге дейін есеп беруде ашықтық жоқ, тәуелсіз қадағалау органы да жоқ, – деді депутат.

Сондай-ақ ол Ұлттық банк қордың ақшасын басқаратынын әрі реттеуші ретінде өз-өзін бақылайтынын еске салды. Депутат мұнда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін де жасырмады.

Неге Ұлттық банк Ұлттық қорды басқарудың халықаралық ашықтық стандарттарын әлі күнге дейін енгізбей отыр және есеп беруді қамтамасыз ететін және мүдделер қақтығысын жоятын сыртқы бақылау, бақылау кеңесі немесе басқа тетік құру жоспарда бар ма? – деп сұрақты төтесінен қойды Стамбеков.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев бұған дейін есептер шынымен де толық жарияланбағанын мойындап, биылдан бастап бәрі өзгеретінін айтып, ақталды.

Ұлттық банк бұл қорға қатысты сенімгерлік басқарушы болып саналады. Сондықтан Ұлттық банк тарапынан жыл сайын үкіметке бүкіл есеп беріліп отырады. Оны қаржы министрлігі жинақтап, президенттің жарлығымен бекітіледі. Бекітілгеннен кейін міндетті түрде жариялануға тиіс. Дегенмен кейінгі жылдары бұл ақпарат толығымен жарияланған жоқ, себебі халықаралық арбитражда резонансты істер болды. Жақын арада жарлық шығады, биылдан бастап есеп толығымен жарияланады. Бұл жерде сіз айтқан инвестициялық көрсеткіштер де, мемлекеттер бөлінісінде де және табыстылыққа қатысты, валютаға қатысты бүкіл ақпарат болады, – деді ол.

Жамаубаев мұндай есептерді Ұлттық банктің сайтында және ақпарат құралдарында үнемі жариялап тұруға уәде берді. Сондай-ақ қазір де бақылау жүйесінде қор жоспарларының орындалуын бақылайтын арнайы кеңес пен комиссия бар екенін атап өтті.

Фото: 7kun.kz

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button