Қоғам

Жазушылар одағының керегі жоқ – Омар Жәлелұлы

Белгілі қоғам белсендісі, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым  Омар Жәлелұлы Жазушылар одағына қатысты ойын айтты. Оның айтуынша, Жазушылар одағының керегі жоқ. Бұл кезінде Кеңес одағы құрып берген идеологиялық орган. Жазушы болу үшін ешқандай одаққа барып мүше болудың еш қажеті жоқ. Бұл ескірген, күні өткен нәрсе, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz «Халық үні» сайтына сілтеме жасап. 

Жалпы Жазушылар одағы деген не өзі? Ол Кеңес одағының идеологиясын қолдап-қуаттап отыру үшін  құрылған орган. Бұл — сол заманның шындығы. Біздің әдебиеттегі алыптарымыз сол заманның шындығында жүріп жасайтынын жасады, жазатынын жазды. Оларға — мың алғыс!

Енді заман өзгерді. Кеңес одағы жоқ. Заман басқа. Заманның шындығы да басқа. Ешқандай одақ адамды жазушы қыла алмайды. Адамды Алла Тағала я ақын, я жазушы қылып жаратады. Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың, –  деді ол.

Ол сондай-ақ жазушы болу үшін  жазу керек, ешқандай одаққа барып мүше болудың еш қажеті жоқ екенін айтты.

Жазушылар одағы деген ескірген, күні өткен нәрсе. Ал біз әлі тоқтай алмай, инерциямен келе жатырмыз.

Егер Жазушылар одағы қазіргі биліктің саясатын қолдау үшін қажет болса, онда ол жазушылықтың табиғатына кереғар нәрсе. Жазушының өз шындығы бар. Ол биліктің шындығымен ешқашан сәйкес келмейді.

Жазушының негізгі өнімі — кітап. Жазушы өзі өндірген осы өнімді, тауарын өткізіп, пайда табатын кәсіпкер. Жазушылық – хобби емес, кәсіп. Бүкіл әлемде солай.

Жазушыға, кәсіби жазушыға, өз өнімінің сапасына жауап бере алатын жазушыға не керек? Оның осы сапалы өніміне таласатын баспа керек, одан соң оны халыққа жеткізетін әдеби коммерциялық агенттіктер керек, –  деді ол ойын сабақтап.

Осы ретте, абайтанушы форумдарды идеологиялық құрылым болып есептелетін Жазушылар одағы емес, кітаптың өтуіне мүдделі осы баспалар, әдеби коммерциялық агенттіктер өткізуі керектігін атап өтті.

Үкімет, билік кітапқа қызмет етуі керек, керісінше емес. Өйткені, кітап оқымайтын адам қатыгез, жауыз, надан болады. Және, ең бастысы, кітап оқымаған ұлттың қиялы дамымайды. Қиялы дамымаған ұлт әлемдік технологиялық көшке ілесе де алмайды. Міне сол үшін Үкімет, билік кітапқа қызмет етуі керек, –  деді ол.

Бұл менің өз ойым деді қоғам белсендісі.

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button