Елімізде орташа жалақы 340 мың теңге болды
2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда орташа номиналды жалақы 340 636 теңге болды, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 19,3 пайызға жоғары. Алайда инфляцияны ескере отырып, нақты өсім 0,6%-ға аз болды.
Өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең көп өсімі құрылыс саласында – 34,5%, ақпарат және байланыс саласында – 30,3%, қоғамдық тамақтану қызметін көрсетуде – 29,2% болды.
Екінші жағынан, қызметтердің басқа түрлерін көрсетудегі орташа айлық нақты жалақы 2023 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 8,6%-ға төмендеді.
Салалар бойынша ең жоғары орташа жалақыны тау-кен өнеркәсібінің қызметкерлері алады, ондағы жалақы 766 555 теңгеге жетеді. Жалақы бойынша екінші орында 602 114 теңге көрсеткішпен қаржы және сақтандыру секторы, үшінші орында 541 218 теңгемен ақпарат және байланыс саласы.
Ең төменгі жалақы сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау және өңдеу салаларында – 201 884 теңге, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 179 388 теңге болды.
Өңірлік тұрғыда өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсімі Атырау облысында тіркеліп, 29,4% болды, ал ең аз өсім Батыс Қазақстан облысында – 11,9%. Ең жоғары орташа жалақыны Атырау облысының жұмысшылары – 618 420 теңге, ал ең төменгі жалақыны СҚО-да – 241 102 теңге алады.
Өңірлер арасындағы ең жоғары және ең төменгі орташа айлық атаулы жалақының арақатынасы 2023 жылдың бірінші тоқсанында 3,6 есе болды.
Статистикаға кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпкерлік субъектілері кірмейді.