Қарағандылық сиырдың суреті танымал Vogue журналында жарияланды (ВИДЕО)
Қарағанды облысында сиырдың суреті танымал Vogue сән журналында жарияланды. Әп-сәтте жұлдызға айналған жануардың суретін жергілікті фотограф түсіріп, журналға жіберген екен, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
«Зойка» атты сиырдың иелері сән журналда суреті жарияланғанымен, жануарды еш ерекшелендірмейді дейді.
Әрине, таңғалдық. Біздің сиырымыз сән журналында жүреді деп кім ойлаған. Бірақ біз оны үйірден бөлмейміз. Жануарларға деген көзқарас пен күтім бірдей, – дейді Қарқаралы қаласының тұрғыны Мәулен Мұсабеков.
Vogue журналы аптасына екі рет кез келген фотографтың екі суретін қабылдайды екен. Қойылатын талап сурет шынайы әрі ерекше болуы керек. Ал «Зойканың» суретке түсіріп, басылымға жіберген Карина Кирина есімді фотограф.
Олар өздерін қызықтырған суретті алады. Әдемі суретті таңдай салмайды. Меніңше, оларға фотография беретін атмосфера ұнады. Мен оны «Қыс» деп атадым. Себебі суреттен қыстың лебі сезіледі, – деді Карина Кирина.
Карина көбіне балалар мен жануарларды суретке түсіргенді ұнатады екен. Кекілін қар басқан сиырды көргенде жанынан өтіп кете алмапты. Енді «Зойка» Еуропаны тағы бір бағындыруы мүмкін. Себебі Vogue журналы үздік фотосуреттерді көрмеге жолдайды.
Фото: ашық дереккөз