Қоғам

«Техникалық қабатты иемденіп алған»: Астанадағы «Құрмет» ТК тұрғындары шу шығарды

Астана қаласындағы «Құрмет» тұрғын үй кешенінде белгісіз біреулер техникалық қабатты иемденіп, жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Тұрғындардың сөзінше, көпқабатты үйдің төбесіне үй салғандар қабырғаларды ойып жатыр екен, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz «Еуразия бірінші арнасы»-на сілтеме жасап хабарлайды. 

Оң жағалауда орналасқан «Құрмет» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 3-4 айдан бері маза кеткенін айтады. Себебі техникалық қабатта белгісіз біреулер жөндеу жұмысын бастап кеткен.

Бірінші келісімшартқа сәйкес техникалық қабат болады деп сатылды. Мұнда 176 пәтер бар, барлығында техникалық қабат болады деді. Алайда құрылыс аяқталған соң бұл техникалық қабат емес, ішінде жөндеу жұмыстары жасалған. Қабырғалары ағартылған, – дейді қала тұрғыны Бағила Смайылқызы.

Үнемі 9-қабатқа шығып көріп отырамын. Ішіне тоқ тартылған, жөндеу жүріп жатыр. Қатты соққылардан төбе жарылып түседі. Мұны қайта өзіміз жөндейміз. Бастапқыда техникалық қабат деп қана көрсетілген еді, – деп қосты Сағдат Мұқанов.

Тұрғын үй кешені 9 қабатқа арнап салынған. Егер тағы бір қабат қосылса, жылу мен жарық тапшылығы туындауы мүмкін деп алаңдайды тұрғындар. Тіпті әкімдікке арыз жазғанымен, еш нәтиже шықпаған көрінеді.

Есіл аудандық әкімдігіне арыздандық. Әкімге өзім кірдім. Тексеріс болды, бірақ ол жаққа кіргізбеді. Жауап та дұрыс берілмеді, – деді тұрғын Сандуғаш Қазинова.

Наразы халықпен кездесуге техникалық қабатты иемденіп алғандар да келген.

Әуел баста жоғары қабат жобада болған. Су, жылу мен электр қуаты есепте бар. Арнайы сараптамадан да өтті. Пәтерлермен бірге тұрғын үй емес нысандары да қолдануға берілген. Қазір олар арнайы келісімшартпен жекешелендірілген, – деп мәлімдеді Заңгерлер палатасының мүшесі Жасұлан Рахымғалиев.

Дегенмен наразы халық 10-қабатты қайта техникалық қабат деп өзгертуді талап етіп отыр.

 

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button