«Шаш ал десе, бас алады»: Депутат полицейлердің журналистерге қысым жасайтынын айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан журналистерге қатысты мәселе туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа сұрақ қойды, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Менің сұрағым заңнамаға қатысты емес. Қазіргі қоғам белсенділеріне қатысты іс-шаралар жүргізіліп жатыр, әрине, тәртіпті бұзғандар әртүрлі жағдайда заңмен жауап беруі керек. Бірақ, жекелеген журналистердің қызметіне қатысты түрлі әрекеттер жасалып жатыр. Өткен аптада Еренғайып Қуатаев деген азамат, талантты журналист, Бостон, Лондон, Токио марафондарында жүгірген. Осы жолы оны Алматыдан ұшып келіп, Қарағандыға бара жатқан жерінен ұстап алып, 4,5 сағат ұстап, қолынан із алған. Ол саясатқа қатысы жоқ азамат. Бұл — жекелеген бір ғана мысал. Әртүрлі мысалдар бар. Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан үлкен реформалары бар. Осының барлығын жуып-шайып, түрлі қоғамдық пікірлер тудырып, кейде Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің «шаш ал десе, бас алып» кететін артық қадам жасайтын жағдайлар бар, — деді Жанарбек Әшімжан.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жауап берді.
Әр деректі жеке қарау керек, егер де сол жерде тиісті заң бұзу болса, ол тиісті жауапкершілігін алуы керек. Бір-бірімізге пәле жаппай, егер ол кінәлі болса, жазасын алады. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан заң аясында жұмыс істеуіміз керек, — деді Ахметжанов.
Фото: 7kun.kz