«Біздің жазығымыз не?!»: Семейдегі ЖОО ұжымы Саясат Нұрбектің шешіміне қарсы шықты (ВИДЕО)
Семейдегі Шәкәрім университетінің ұжымы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің шешіміне наразылық білдірді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Tengrinews.kz сайтының жазуынша, оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы әлеуметтік желі арқылы видео-үндеу жариялаған. Олардың айтуынша, Шәкәрім университетінің ректоры – басқарма төрағасы Бауыржан Ердембековті ауыстыру жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығы келген.
Біз жаңа ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен таныстық. Ол бұйрықта басқарма төрағасы, университет ректоры Ерденбековті орнынан босату жөнінде жазылған екен. Осы бұйрықты ести сала біз «Бұл қайдан шыққан дүние?», «Негізі бар ма осының?» «Негізі қандай?», «Осы бұйрықты шығаратын кезде неге сүйенген?» деген сан сауал-сұрақ көз алдымыздан өтіп жатыр. Біздің айтпағымыз — небары 2 жыл 3 ай қызмет жасаған кезінде ректорымыз бұрынғы ондаған жылдар бойы атқарылмаған істерді істегенін ұжымның көзі көріп отыр. Университет болса, жайнап, жарқырап әр оқу ғимараты өзінің белгілі бір дәрежедегі қалпын, бейнесін өзгертіп, нағыз білімнің, ғылымның ордасына айналған түрі бар. Шәкәрім шаңырағы неге осындай эксперименттерге түсе береді? Біздің жазығымыз не? Ұжымның жазығы не? Неге мұндай әділетсіздік жасалады? Министр осы жөнінде бізге түсініктеме берсе дейміз. Бұйрықты таныстыруға министрліктің бірде бір өкілінің келмеуі, оны оқып таныстырып бермеуі, себептерін айтпауы ұжымның беделіне зор нұқсан келтіреді. Бұл ұжымды елемегендік, ескермегендік, сыйламағандық деп білеміз. Сондықтан министрдің бұйрығы қайта қаралса екен, өзінің күшін жойса екен деген ұсынысымыз бар, — деді ұжым атынан үндеу жолдаған филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов.
Айта кетейік, Бауыржан Ердембеков 2021 жылғы ақпанда Шәкәрім университетінің ректоры қызметіне кіріскен.
Ғылым және жоғары білім министрлігі бұған қатысты әлі түсінік бермеді.
Фото: видеодан скриншот