Шетелдік көліктерді заңсыз тіркеген: Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығы миллиардтаған шығын келтірген
Елордадағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары ұйымдасып, шетелдік көліктерді заңсыз тіркеген. Антикор оларға қатысты істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді.
Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 миллиард теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді. Барлығы 30 адам қылмыс жасады деп күдіктелуде, — делінген ақпаратта.
Олардың қатарында Астана қаласы бойынша № 2 Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Сондай-ақ антикоррупциялық қызмет азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақыруда.
Фото: ҚазТАГ