Италия Премьер-министрі Қазақстанға келуден бас тартты
Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға келмейтін болды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Эмилия-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге бару үшін Хиросимада өтіп жатқан G7 саммитіне соңына дейін қатыспай, еліне қайтып барады.
Келіп түскен мәлімет бойынша Италияның солтүстігінде кем дегенде 40-тан астам елді мекен су астында қалып, 20 мыңнан астам адам баспанасынан айырылды.
Осы себепке байланысты Италия Үкіметі басшысының Астанаға алдын ала жоспарланған жұмыс сапары болмайды.
Италия тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелонидің телефон арқылы сөйлесуін ұйымдастыруды сұрады, — деп жазды Руслан Желдібай.
Фото: m.censor.net