Үкімет
Үкімет басшысы оқушылар үшін ұйымдастырылатын шаралардың сапасы сын көтермейтінін айтты
Премьер-министр Әлихан Смайылов балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Өңірлерде балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізу ісі көп жағдайда формалды түрде жүргізіледі. Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Бұл орайда, әкімдіктер тарапынан тиісті жұмыс көлемі жеткіліксіз екенін атап өту керек, — деді Смайылов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды мәселені ескеру қажет. Әсіресе, балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес сапалы өтуге тиіс.
Смайылов жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек екеніне де назар аударды.
Әкімдер жаз айларында оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртып, жабдықтау жұмыстарын күшейтуге тиіс, — деді премьер.
Сондай-ақ ол денсаулық сақтау министрлігіне шалғай елді мекендерде балалардың денсаулығына скрининг жасау, стоматологиялық тексеру жүргізу үшін жылжымалы медициналық пунктердің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.
Біз бала денсаулығын нығайтуға, білімін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек. Балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді, — деді Смайылов.
Оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталып кеткен. Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Фото: Ақорда