Экономика

«Жын ойнаққа айналдырған»: Депутаттар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін қайтаруды талап етті

Мәжіліс депутаттары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін қайтаруды талап етті. Айтуларынша, мүлік меншік иелеріне заңсыз өтіп кеткен, деп хабарлайды Stan.kz

Депутат Ерлан Сайыров Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ оқытушы ғалымы мәжіліс депутаттарына университеттен заңсыз шыққан активтерді оқу орнына қайтару туралы өтініш жасағанын айтты. Сөздерінше, университеттің жеке меншігі заңды тұлғалардың иелігіне заңсыз өтіп кеткен.

2001-2022 жылдары мың орындық студенттік үш жатақхана, бес оқу-зерттеу корпусы — 18,828 шаршы метр. Әкімшілік шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері — 700 шаршы метр, университет ғимараттарына іргелес жер учаскелері — 5 гектар жер. Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан университеттің оқу тәжірибелік шаруашылық жер учаскелері — 12 гектар. Барлығы қолды болып кеткен. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, университет мүлкінің ту-талақайы шыққан, — деді Ерлан Саиров.

Сайыровтың айтуынша, университеттің ғимараттарын иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында бірнеше заңсыз құрылыс объектісін салған.

Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақүй етіп қайта жабдықтап, караоке, басқа да түнгі ойын-сауық орындарын жасап, жын ойнаққа айналдырған. Кейбір оқу корпустары бизнес орталықтары болып шыға келген. Аталған фактілер жеткіншек ұрпақтың моральдық-рухани әлеміне ойсырата жасалған соққы. Әділеттілік, ұят принциптерін таптау болып табылады. Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру 2001-2022 жылы болғандығын айтып отыр және осы кезде болған лауазымды адамдарды заң жүзінде жауапқа тартуды сұрайды, — деді ол.

Депутат өзінің сауалында заң бұзушыларды тәртіпке тарту үшін мынадай қадамдар жасалуы керектігін айтты:

заңсыз қолды болған активтерді қайтару комиссиясы аясында аталған ғимараттардың мемлекеттік меншігіне қайтаруын жедел қамтамасыз ету;

2001-2022 жылдары заңбұзушылыққа барған тұлғаларды заң алдында жауапкершілігін анықтау;

Қазақстандағы басқа да жоғарғы оқу орындарының меншігін заңсыз беру мәселесіне жаппай аудит жүргізу.

Фото: kaznaru.edu.kz

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button