Шымкентте Ауыл шаруашылығы министрлігінің шенеуніктері сотталды
Шымкентте Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ветеринариялық қызметтің, Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларына және «Құт Береке» шаруа қожалығының басшысы мен өкілдеріне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған адамдар ветеринариялық рұқсаттар мен сертификаттар бергені, малды мемлекеттік шекара арқылы кедергісіз өткізгені, қызмет бабымен жалған құжат жасағаны, жалған құжаттарды бұрмалағаны және пайдаланғаны үшін жүйелі негізде пара алғаны және бергені үшін кінәлі деп танылды, — делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: «Кәсіпкерден пара алған»: Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қамауға алынды
Антикордың мәліметінше, шаруа қожалығының басшысы мен ветеринариялық қызмет қызметкері бюджеттен мал шаруашылығын дамытуға субсидия бөлген кезде 104 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырған.
Сот үкімімен кінәлі адамдарға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 1 жыл 5 айдан 7 жыл 6 айға дейін, сондай-ақ 2-ден 26 млн теңгеге дейін айыппұл түріндегі жаза кесілді, — деп атап өтті ведомство.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.