Қоғам

«Жап-жаңа Қазақстанның жаңашыл билігі қысым жасауды бастап кетті»: Арман Шораев мәлімдеме жасады

Қоғам қайраткері, журналист Арман Шораев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, өзіне қатысты қуғын-сүргін басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.

Оның айтуынша, билік әріптестері мен жақтастарына қысым жасаған.

«Жап-жаңа Қазақстанның жаңашыл билігі менің айналамдағы адамдарға, әріптестеріме, жақтастарыма түрлі себептермен қысым жасауды бастап кетті. Журналист ретінде жасаған жұмыстарымнан мін іздеп, архив ақтаруға көшті. Көптеген жобаларды бірге жүзеге асырған пікірлестерімді заңсыз тергеп-тексеруде. Кейбіреуін тіпті заңсыз шетелге шығармай, заңсыз тінтулер жасауда. Сондағы көздегендері менің ауызымды жабу! Мен осы азаматтық ашық ұстанымға көшкенде алдымнан не шығатынын біліп келген адаммын, шырақтарым! Менің ұстанымымнан айнытам деп текке терлемеңдер! Менің айналамды заңсыз тіміскілеп, адвокаттардан «Арман билікке келсін, жолықсын, анаусын қойсын, мынаусын қойсын» деген сәлемдеме жолдағаннан түк шықпайды!

Мен жүзеге асырған «Қазақстан Барысы» жобасын да тілге тиек етіпсіңдер, айналайындар, идея менікі болғанымен, бұл жоба қазір халықтың қазынасына айналған. Аталарыңның асы мен наурызда ғана естеріңе түсетін қазақ күресін, түйе балуандарды елге танытып, сондай жоба жасасаңдар, сендерге кім «қой» деді?! Мені қаралап, жемқор қылып, халықтың алдында қарабет қылуды көздеген екенсіңдер, ақ жол! Бір қуанатыны – қазір халық өзгерген, көзі ашық, билік не айтса соған құлдық ұрмайтын қоғам қалыптасып келе жатыр! Сол үшін де сендердің сапарларың қысқа! Сайлауда әділдіктің көзін ойып тұрып дауысымды ұрлап алдыңдар, бірақ менің азаматтық көзқарасым мен сөз бостандығымды ұрлай алмайсыңдар! Құрметті дос-жаран, ниеттес-пікірлестер, биліктің жаңа стильдегі қуғын-сүргіні мен советский шаң басқан қысымына қынжылатын мен емес, мен ақпын! – деп жазды Шораев.

Фото: kazgazeta.kz

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button