Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мәлімдеме жасады
Қазақстан Републикасының РФ-дағы елшілігі Ресейдің Украинамен шекаралас өңірлерінде қалыптасқан жағдайға байланысты отандастарымызға үндеу жолдады, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Еліміздің Ресейдегі дипломатиялық мекемесі қазақстандықтарды Украинамен шекаралас өңірлеріне бармауға шақырды.
РФ-дағы барлық қазақстандықтарға осы елде ушығып бара жатқан жағдайға байланысты Ресейдің Украинамен шекаралас жерлеріне бармауды сұраймыз. Барлық отандасымыздың консулдық есепке тұруларын өтінеміз, – делінген хабарламада.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, осы сағаттарда, бүгін таңертеңнен бері «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожиннің қарамағындағы әскер танктері мен бронды техникаларымен Дон өзенінің бойындағы Ростов қаласына басып кірген.
Кейбір дерекке қарағанда, «Вагнер» содырлары Ростов қаласын ұрыссыз алған. Олар Оңтүстік әскери округінің штабы мен Ішкі істер министрлігінің ғимаратын басып алды.
Ростов облысының губернаторы Ростов қаласының тұрғындарына сапарға шықпауға және мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға шақырды.
Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин қалада антитеррорлық шараның басталғанын жариялады.
Фото: kazembassy.ru