Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға соттады
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Гүлмира Сатыбалдыны бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабы бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот процестері 2023 жылдың наурызында басталған.
Қызылорда қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, аса ірі мөлшерде қаражат жымқырған 7 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта Гүлмира Сатыбалдының 2018-2020 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауы бөлігін жылумен жабдықтау жұмыс жобасы бойынша жұмыстар атқармай, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырғаны анықталды.
Ал сотталушылар Б., Ж., Е., Қ. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар бола тұра, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өздерінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып, аса ірі мөлшерде сеніп тасырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу арқылы жымқырғаны, сотталушылар Д. мен Б. атқарылмаған жұмыстарға өткізу актісін жасақтап қол қойғандары анықталды.
Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке 441 млн теңге зиян келтірілген.
Сотталушылардың кінәсі сотталушы Б.-ның кінәні мойындау туралы арызы, құрылыс нысанына қатысты жүргізілген сот-тауартану және сот-экономикалық сараптамалары, «А» ЖШС-нің бухгалтері, есепшісі, құрылтайшыларының беттестіру жауаптары арқылы дәлелденді.
Прокурор сотталушы Сатыбалдыны 8 жылға, Б., Ж., Е., Қ. – 7 жылға бас бостандықтарынан айыруды, ал Д. мен Б.-ға – 7 жыл шартты жаза беруді сұрады, — деп хабарлады Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Сотталушылардың адвокаттары оларды ақтауды сұрады.
Сот Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасын тағайындады.
Сотталушы С.-ға 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушылар Б., Ж., Е. және Қ.-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Б. және Д.-ға 7 жылға шартты түрде сотталды.
Мемлекетке келтірілген 441 млн теңге шығын толықтай өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 4 мамырда Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты.
Сот Гүлмира Сатыбалдыны қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Мемлекет басшысының атына Гүлмира Сатыбалдыны «Құрмет» мемлекеттік наградасынан айыру туралы ұсыныс енгізелді.
Фото: ашық дереккөз