Елімізде азық-түлік бағасы тағы да қымбаттап кетті
Ұлттық статистика бюросы елдегі инфляция деңгейіне байланысты маусым айына арналған деректермен бөлісті. Маусымда инфляциядың айлық көрсеткіші 0,5% болса, бағалар 14,6%-ға өскен, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
2023 жылғы маусымда жылдық мәнде инфляция деңгейі 14,6% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 14,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 15,8%-ға, ақылы қызметтер 13,3%-ға қымбаттаған.
2022 жылғы маусыммен салыстырғанда кеңсе тауарлары 67,7%, қияр – 33,4%, кір сабын – 42,1%, ыдысты жууға арналған құралдар – 41%, қантсыз қоюландырылған сүт – 42,9%, күріш – 47,6%, күндізгі стационарлық емдеу – 40,8%, шақпақ қант 32,2% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қырыққабат – 13,8%, сәбіз – 9,5%, картоп – 9,1%, у сарымсақ – 5,4%, қызылша 6,9% арзандады.
Тұтыну бағаларының индексі бір айда баяулап, 2023 жылғы маусымда 0,5%-ға тең болған (2023 жылдың мамырында – 0,6%). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – 0,7%, ақылы қызметтер – 0,6%, азық-түлік тауарлары 0,2% өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде маусымда баға жиhаз бен үйге қажетті заттарға 2,6% өсті, шабадандар, жол сөмкелері – 1,4%, велосипедтер – 1,2%, жеке қолданатын заттар бағасы 1% қымбаттады. Мамырмен салыстырғанда маусымда құрылыс материалдары – 0,8%, киім және аяқ киім, фармацевтика өнімдері – әрқайсысы 0,7%-дан өсті. Бензин АИ-95/96 – 1,1%, баллондағы сұйытылған газ 0,7% қымбаттады.
Бағаның өсуі әуе жолаушылар көлігі қызметтеріне 9,6%, кешенді демалыстарды ұйымдастыруға – 8,8%, санаторийлер қызметтеріне – 6%, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша қызметтерге – 1,6%, қоғамдық тамақтандыру қызметіне – 1,4%, денсаулық сақтау қызметіне 0,9%-ға өскен.
Азық-түлік тауарлары арасында картоп бағасы 9,9%, жүзім 4%, лимон 3,9%, алма 3,1% өсті. Бағаның өсуі минералды және ауыз суға, салқындатылған сусындарға 2,4%-дан, жеміс және көкөніс шырындарына 1,8% байқалды. Банан 10,6%, жаңа жиналған көкөніс 8,8%, жұмыртқа 5,9%, күнбағыс майы 4,2%, қарақұмық жармасы 4,1%-ға арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында – 0,9%-дан (орташа республикалық деңгейден 0,4 п.т. жоғары), ең төменгі – Ақтөбе облысында 0,1% тіркелді. Тұтыну бағаларының индексі бір айда Шымкент қаласында 100% құрады.
Өңірлер бойынша ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Ұлытау облысында 1,3%, азық-түлік емес тауарлары Астана қаласында 1,3%, ақылы қызметтер Солтүстік Қазақстан облысында 1,4%-ға өсті.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады, – делінген бюро хабарламасында.
Фото: semeytany.kz