Бурабайда жол апатынан төрт адам қаза тапты

Бурабайда көлік аударылып, салдарынан төрт адам қаза тауып, екеуі ауруханаға түсті. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
7 шілде күні сағат 16:00 шамасында «Тойота Камри 40» көлігінің жүргізушісі Бурабай ауылына бұрылып келе жатып, рульді басқара алмай, аударылып қалған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 30 жастағы жүргізуші, оның әйелі, алдыңғы орындықтағы 41 жастағы жолаушы және 2009 жылы туған кәмелетке толмаған бала оқиға орнында көз жұмды, – делінген Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.
Қайтыс болған жүргізушінің бір жасар қызы аман қалды, оның жағдайы қанағаттанарлық. Сонымен қатар, осы көліктен екі зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізілді — алты жасар жолаушы травматология бөліміне жатқызылды, 39 жастағы әйелдің жағдайы ауыр.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша Бурабай ауданының ЕРД ОП-на тіркелді.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Фото: egemen.kz