Тоқаев Астана әкіміне бір жыл уақыт берді
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Елорданы дамытуға қатысты барлық мәселені жан-жақты ойластырып шешу маңызды. Ол үшін «Астананың мәртебесі туралы» заңға шұғыл түрде тиісті өзгерістер енгізу қажет. Заң арқылы әкімдіктің құзыреті мен жауапкершілігін күшейту керек. Астана тұрақты даму үшін оны тиімді әрі сапалы басқару қажет. Жалпы, Астананы өркендету үшін, ең алдымен, әкімдік, кәсіпкерлер және тұрғындар арасында сенімді серіктестік орнату қажет. Басты міндет – әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осыны дұрыс түсінген жөн, — деді Мемлекет басшысы.
Ол, ең алдымен, бүгін айтылған міндеттерді дер кезінде әрі сапалы орындау керектігін ескертті.
Астана бас қала деген атауға лайық болуға тиіс. Астана көркейсе, бүкіл еліміздің еңсесі биік болады. Астана Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі өзгерістерге ұйытқы болуы керек. Жалпы, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі ұдайы назарда болуға тиіс. Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін, — деді Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда