Шымкентте 150 адам қауын мен қарбыздан уланып қалған
Шымкентте қауын-қарбыздан улану дерегі көбейген. Өткен айда ғана қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 150 жағдай тіркелген, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің көбі гигиена мен азық-түлікті сақтау ережелерін сақтамаған. Ал мегаполисте жаздың ыстық уақытында термометр +40 градустан жоғары көтерілген. Бұл жемістердің бұзылуына да қатты әсер етеді.
Соңғы айда 300-ден аса науқас түсті. Солардың ішінде 150 адам негізінен қарбыз, қауыннан уланған. Көбінесе ересектер түседі. Санэпидстанция бұл мәселемен айналысып жатыр, — деді Жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Баян Рыстаева.
«Хабар 24» телеарнасының мәліметінше, маусым айында сарапшылар нитраттарға 2 мыңнан аса сынама жасаған. Алайда бұл сынамалар тек ресми түрде шақырылған сауда нүктелерінде ғана өткізілген әрі қауіпті ештеңе табылмаған. Ал одан кейін жоспардан тыс тексерулер болмаған.
Мұнда адамдар қарбыз бен қауынды тікелей «Газель» көліктерінің ішінде сатып жатыр. Ал сатушылар жұртшылықты таза, санитарлық талаптар сақталған деп сендіреді. Дегенмен мамандар қауынның қауіпсіздігін көзбен анықтау мүмкін емес екенін айтады. Мұны тек зертхана қызметкерлері біле алады. Ал сатып алушылар саудагерлерден нитраттарға тестілеу туралы құжатты талап етуге құқылы.
Фото: ks-region69.com