Бас мүфти Рамазан айында дүкендерді арақ-шарап сатпауға шақырды

Қасиетті Рамазан айының басталуына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға, ауызашар мәзірін халыққа қолжетімді етуге үндеді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірінің бағасы халыққа ыңғайлы болғаны жөн. Бұл – сауапты іс. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруға атсалысу керек. Қасиетті айда тек пайда табуды емес, халықтың алғысы мен Алланың разыығын алуды ойлаған жөн, — деді Бас мүфти елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Ортақ пәтуаға сәйкес, Рамазан 1 наурызда басталады. Қадір түні 26-нан 27-наурызға қараған түнге сәйкес келеді, ал 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Биылғы Рамазан 29 күнге созылады.
Бас мүфти шариғат талаптарына сәйкес, науқастар, жолаушылар, жүкті және емізулі баласы бар аналардың ораза ұстауды кейінге қалдыра алатынын еске салды.
Сондай-ақ, денсаулығы көтермейтін адамдарға ауыз бекіткен жандарға ауызашар беру арқылы сауап алуға болатынын атап өтті.
Рамазан айында дүкен сөрелерінде арақ-шарап өнімдері сатылмаса деген тілегіміз бар. Бұл ай – тек ораза ұстау емес, ізгі істер жасау, қайырымдылыққа үлес қосу кезеңі. Сондықтан баршаңызды мұқтаж жандарға көмек қолын созуға шақырамын, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Пітір садақасының мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасына сәйкес 655 теңге болып бекітілді.
Фото: egemen.kz