Шымкент тұрғыны досын интимдік фотосымен бопсалап, 100 мың доллар талап еткен
Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғыны полицияға бопсалау туралы арыз түсірді. Жас жігіт өзін әлеуметтік желінің белгісіз қолданушысы қорқытып, одан 100 мың доллар талап еткенін айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бопсалаушы жігіттің интимдік сипаттағы жеке суреттері мен видеоларын интернетке жариялайтынын айтып, қорқытқан.
Белгісіз адамның сөзіне сеніп, өзінің беделіне алаңдаған тұрғын оның талабын орындауға келісіп, 10 миллион теңге салынған сөмкені көшелердің біріндегі темір құбырдың астына қалдырған.
Күдіктіні бірнеше сағаттан кейін ақшаны алуға келген кезінде полиция қызметкерлері қылмыс үстінде ұстады.
Аталған жайт ҚР ҚК 194-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тіркеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Ұсталған адам өзінің досы болып шықты.
Белгілі болғандай, досының мас екенін пайдаланған жолдасы оның смартфонындағы жеке суреттері мен бейнежазбаларын өзіне көшіріп алған.
Бопсалаушы Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Фото: Polisia.kz