Қоғам

«Алматыэлектротранс» компаниясының экс-басшысы бес жылға сотталды

«Алматыэлектротранс» компаниясын басқарған Бекмырза Игенбердинов ұрлық жасауға әрекеттенгені үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Алматыэлектротранс» компаниясының бұрынғы басшысы Бекмырза Игенбердиновке қатысты қылмыстық іс бойынша шешім шығарды. Жоғарғы Соттың сайтында жарияланған үкімге сәйкес, ҚР ҚК (бөтеннің мүлкін ұрлауға оқталу) 190-баптың 2-тармағының 4-бөлігі, 24-баптың 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Игенбердинов бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойына мемлекеттік қызметте, соттарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. «Алматыэлектротранстың» экс-басшысы жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейді.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінді. Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның екі кішкентай баласы бар екенін ескерді.

Бекмырза Игенбердинов бұған дейін «Жібек жолы», «Астана LRT» және «City Transportation Systems» ЖШС-да түрлі қызмет атқарған. 2022 жылға дейін «Алматыэлектротранс» ЖШС бас директоры болды. 2022 жылдың қыркүйек айының соңында Игенбердинов жүргізілген тергеу шараларына байланысты «Алматыэлектротранс» басшысы қызметінен босатылып, қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматыэлектротранс» компаниясының экс-басшысының кәсіпкерден атқарылған жұмыс актілеріне қол қойып, оны төлегені үшін 160 мың доллар алғанын хабарлады.

Фото: Facebook/Bekmyrza Igenberdinov

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button