Қасқырларға тап болғанда анам мені аман алып қалу үшін қарындасымды қалдырып кетті — Мекемтас Мырзахметов
Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметов Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы «Тұлға» деректі фильмінде ашаршылық жылдары басынан өткізген оқиғасын баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымның айтуынша, ішерге ас таппаған қиын-қыстау күндердiң бiрiнде анасы қарындасы екеуін алып келе жатып қасқырларға тап болады. Сонда амалы қалмаған ана ұлын алып, қызын жыртқыштарға қалдырған екен.
Мен 4-те болуым керек, қарындасым 8 айлық кез. Шешеме «ұлды алып қалайын, қызды берейін, басқа амалым жоқ. Әйтпесе үшеумізді де жеп қояды» деген ой келсе керек… Үш қасқыр таласып жатқанда көздері от жанып тұрды. Қараңғы кез еді. Ырылдасып, таласып жатқан кезде шешем мені арқалай ала жөнелді. Кейін қарағанда, тек шашы қалған, басқа түк те жоқ, бәрін жеп қойған. Ашаршылық заманда ондай көп болған. Ол кезде қасқырлар адам жейтін себебі басқа жейтін ештеңе жоқ, мал жоқ. Мені тастаса, етім көп. Бірақ қазақта әулетті сақтау керек деген бар. Сол үшін мені сақтаған ғой анам. Көрмеген нәрсені көріп өстік қой, – дейді ғалым.
Әрине, бұл оқиға бала Мекемтастың есінде қалмаған. Есейген кезде бұл жайтты анасы айтып берген. 1946 жылы анасы төсек тартып қалғанда, жалғыз өзі қараған екен. Өйткені жақындарының бәрі ашаршылықтан аман қалмаған, 1933 жылы көз жұмған.
Фото: abaialemi.kz