«Жауапқа тартылады!»: Жеңіс Қасымбек Тәжікстан өткізген көрмедегі келеңсіз жайтқа қатысты пікір білдірді
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында өткен көрмеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Өздеріңізге белгілі, өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті.
Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі, — деді қала әкімі.
Оқи отырыңыз: Астана әкімдігі Тәжікстан өткізген жәрмеңкедегі «жабайылықты» түсіндірді
Елорда басшысының сөзіне қарағанда, кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз келген.
Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Астана көшелерінде вандализм мен құқық бұзушылықтардың жиілеп кеткен жағдайларын болдырмау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады, — деді Жеңіс Қасымбек.
Фото: Астана қаласы әкімдігі