Шымкентте 3 жасар баланың қолы еттартқышта қысылып қалған
Шымкентте үш жасар бала қолын электр еттартқышқа салып алған, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz қаланың ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Сайрам елді мекеніндегі № 3 қалалық ауруханасында ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері баланың қолын электр еттартқыштан алып шығу үшін бірегей операция жүргізді.
Қалалық ауруханадан «112» құтқару қызметіне 3 жасар баланың қолы электр еттартқышқа қысылып қалғаны туралы хабарлама түскен. Дәрігерлер баланың қолын еттартқыштан шығара алмағандықтан, құтқарушыларды көмекке шақырған.
Ата-ананың айтуынша, бала құрылғыны пайдалану кезінде жақын жерде жүрген. Нәтижесінде аталмыш оқыс оқиға орын алған.
Құтқарушылар дәрігерлермен бірге операция жүргізді. Төтенше жағдай қызметкерлері апаттық-құтқару құралының көмегімен еттартқыш корпусын мұқият кескен. Ал баланың қолын босату үшін оған анестезия салған.
Қазір бала №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының реанимация бөлімінде жатыр.
Құтқарушылар ата-аналарға балаларды қауіпті заттардың жанында қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын ескертті.
Фото: Шымкент ТЖД