Мәжіліс депутаты МӘМС жүйесінде проблема көп екенін айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің facebook парақшасында МӘМС-тегі проблемаларды атап көрсетіп, дабыл қақты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Көптеген педагог МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлей отырып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмек алуда проблемаларға тап болып жатыр. Бұл мәселе ӘМСҚ және Денсаулық сақтау министрлігінің бюрократиялық процедураларымен байланысты және педагогтерді ақылы медициналық қызметтерге жүгінуге мәжбүр етуде. Карағандыда өткен кездесуде педагогтер осы мәселені көтерді, — деді депутат.
Аймағамбетов өз сөзінде бұл проблеманың себебі – жазда, үш айлық демалыс және каникул кезінде кейбір бухгалтерлер жалақыны және МӘМС бойынша тиісті жарнаны бір аударыммен аударатынын айтты.
Бұл, өз кезегінде, МӘМС-тің бюрократиялық тиімсіздігінен оларды сақтандырылған азаматтар мәртебесінен айырып, медициналық көмектің қолжетімсіздігіне алып келді. Біз бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігіне осы мәселені тез арада шешу туралы талап қойғанбыз. Бұл мәселеде жауапсыздық пен міндеттерін орындаудағы бейқамдыққа жол берілмейді. Болашақта бұл проблеманы шешеміз деп сенемін. Сонымен қатар кездесуде білім беру саласына қатысты заң жобаларын талқыладық. Әріптестер конструктивті ұсыныстар айтты, біз оларды кейінгі жұмысымызда ескереміз, — деді ол.
Фото: Zakon.kz