Павлодарда 52 млн теңгеге орнатылған шырша құлап жатыр (ВИДЕО)
Павлодарда ақ түтек боран соғып, орталық алаңда тұрған шырша құлап кетті. Ал сол шыршаны орнатуға қала билігі 52 млн теңге жұмсаған, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Облыс орталығында құрылған жаңа шырша Арқаның дүлей дауылы салдарынан құлады. Есте болса, бұл шыршаға бюджеттен бөлінген қаражат дау тудырған еді. Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта темір құрастырманы бұзу жұмыстары атқарылып жатыр. Қала әкімі Хасар Қабылбеков те сол маңда жүр.
Павлодар қаласының орталық алаңындағы жаңа жылдық шырша қатты желдің салдарынан құлады. Құрылым құлаған кезде ешкім зардап шеккен жоқ.Ағаш бөлшектеліп, сақталады. Ағаштың негізгі құрылымы бұзылмаған, кейбір элементтері деформацияланған және қалпына келтірілетін болады. Шырша алдағы уақытта да қолданыла береді. Қала әкімі оқиға орнына барды, – деді қала әкімдігі.
Бүгін таңертеңнен Павлодар облысы аумағында дүлей дауыл соғып тұр. Көптеген елді мекендерде электр жарығы қайта-қайта өшіп жатыр. Өңірлік төтенше жағдай департаменті қазір облыстық штаб қатты желдің салдарынан болған оқыс жайттар бойынша ақпараттарды жинап жатқанын мәлімдеді.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Павлодар қаласындағы 53 млн теңгеге салынған мұз қалашығының біраз бөлігі еріп кеткен. Ал Жаңа жыл мейрамын мерекелеуге жергілікті қазынадан жалпы сомасы 185 млн теңге бөлінгені қоғам тарапынан сынға іліккен еді.