Президент Қостанай облысының әкімін қабылдады
Президентке Қостанай облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Облыс әкімі 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің негізгі макроэкономикалық өсім көрсеткіштерінде оң динамика байқалатынын баяндады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 11 пайыз, құрылыс саласы 7 пайыз, негізгі капиталға салынған инвестиция 8,5 пайыз, көлік тасымалы 3 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 5 пайыз өскен.
Құмар Ақсақаловтың мәліметінше, жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп саласының үлесі 30 пайыздан асты. Әсіресе, жергілікті машина жасау кәсіпорнында шығарылатын автокөлік модельдерінің қатары көбейіп келеді. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС жылына 30 мың Chevrolet Оnix автокөлігін құрастыру үшін құны 23 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаны іске асыра бастады. Нәтижесінде 400 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ KIA машина жасау зауытының құрылысы басталды. Кореялық автоконцернмен бірлескен бұл жобаға 90 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Аталған жоба аясында жылына 70 мың көлік шығарылады және 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, автокөліктің қосалқы бөлшектерін өндіретін локализациялық орталық салу көзделген. Жоба құны – 13 миллиард теңге.
Сонымен қатар, президентке Қостанай өңірін сумен қамту, әлеуметтік нысандар салу барысы жөнінде мәлімет берілді. Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 21 миллиард теңге болатын 69 жоба қолға алынған. Бүгінде 37 жоба толықтай іске асырылды. Нәтижесінде аймақ тұрғындарын сумен қамту көрсеткіші 86,6 пайызға дейін жеткен және қазір 347 ауыл таза ауыз су тұтынып отыр.
Бүгінде облыста жалпы сыйымдылығы 1 980 оқушыға арналған үш мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Облыс орталығында «IQostanay» оқушылар сарайы ашылды. Орталықта 1 300 баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Бұған қоса, 2025 жылға дейін 7 500 орындық 9 заманауи мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 8 білім ордасы «Жайлы мектеп» жобасы аясында пайдалануға беріледі.
Құмар Ақсақалов мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына дейін магистральды газ құбырын тарту үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жоба Қостанай өңірінің елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп қана қоймай, ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуына қолайлы жағдай жасайды. Газбен қамтамасыз ету көлемін ұлғайту бірнеше жобаны іске асыруға, соның ішінде ыстық күйінде брикеттелген темір шығаратын және болат балқытатын зауыттар салуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл өңірдің экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Кездесу соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне жылыту маусымын қалыпты режимде өткізу, өңірді газбен қамтамасыз ету жобасын уақтылы іске асыру мәселелерін Үкіметпен бірге айрықша бақылауға алуды, сондай-ақ көктемгі егіс науқанына әзірлікті пысықтауды тапсырды.
Фото: Ақорда