Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 12 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады
Сотта бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ісін тергеу аяқталды, деп хабарлайды Stan.kz.
Прокурор Олжас Хайруллаев іске қатысы бар адамдарға қандай жаза тағайындауды сұрайтынын мәлімдеді. Ол Арыстанбек Мұхамедиұлын бірнеше бап бойынша кінәлі деп тануды сұрады.
Арыстанбек Мұхамедиұлын мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Жаза орта қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтелсін, – деді прокурор Олжас Хайруллаев.
Бұдан бөлек ол іске қатысы бар 6 адамға мынадай жаза тағайындауды сұрады:
Алмаз Нұразханды 28-баптың 2-бөлігі («қылмысты орындаушы») 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығын өмір бойы шектей отырып, 7 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру. Жаза қауіпсіздігі орташа ҚАЖ мекемесінде өтелсін.
Абай Сатыбалдин 28-бап 2-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы, 190-бабының 3-бөлігі 1-тармағы («ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша айыпты деп танылып, мүлкі тәркіленбей, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығын өмір бойы шектей отырып, жеті жыл бас бостандығынан айырылсын. Жаза қауіпсіздігі орташа мекемеде өтелсін.
Леонид Кочетов ҚР ҚК 28-бабының 2-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойы айырыла отырып, жеті жылға бас бостандығынан айырылсын. Жаза қауіпсіздігі орташа мекемеде өтелсін.
Азамат Көшенов ҚР ҚК 28-бабының 5-бөлігі («қылмысқа жәрдемдесу») бойынша, ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша 10 жыл мерзімге мемлекеттік сатып алуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, мүлкі тәркіленбей, жеті жыл бір ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза қауіпсіздігі орташа ҚАЖ мекемесінде өтелсін.
Айым Сәдуақасованы ҚР ҚК 189-бабының 28-бабының 5-бөлігі, 4-бөлігі 2-тармағы бойынша 10 жыл мерзімге мемлекеттік сатып алуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеусіз жеті жыл бір ай бас бостандығынан айыру тағайындалсын.
ҚР ҚК 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес тағайындалған жазаны орындау бес жылға кейінге қалдырылсын. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн мерзімде тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне есепке қою үшін келуге міндеттелсін.
Гүлзат Жуаспаеваны ҚР ҚК 250-бабының 1-бөлігі бойынша бес жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда әкімшілік-шаруашылық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілемей екі жыл бас бостандығынан айыру тағайындалсын.
«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2021 жылғы 7 желтоқсандағы ҚР Заңының 2-бабының 1-бөлігі, ҚР ҚК 250-бабының 1-бөлігі бойынша жазадан босатылсын. ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігі («көрінеу жалған құжатты пайдалану») бойынша кінәлі деп танылсын. ҚР ҚК 71-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптан босатылсын. Ешқайда кетпеу туралы жазбаша бұлтартпау шарасы жойылсын.
Фото: El.kz