Елден қашуға Назарбаевтың өзі рұқсат берді — Анар Мешімбаева
Статистика агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаева 2009 жылы санақтан кейін 746 миллион теңге көлемінде ақша жымқырды деген айыппен 5 жыл жазасын өтеп шыққан болатын. Экс-шенді кейін «Өмір сынақ» атты кітап та шығарған. Ол Nege.kz сайтына берген сұхбатында Назарбаев пен Мәсімовке, Қожамжаровқа қатысты біраз шындықтың бетін ашты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2009 жылы Мешімбаева мен оның екі орынбасарына қатысты атышулы қылмыстық іс қозғалған болатын. Артынша шенеунік Түркия асып, кейін Мәскеуге кеткені ел аузында жүрді. Тіпті ол 3 жыл көлемінде іздеуде болды. Бұрынғы төрағаның айтуынша, мұндай шешімге ол Назарбаевтың бұйрығымен барған.
Елден кетпеймін, егер қашсам, шынымен «ақшаны ұрлады» деп айтады» дедім. Бірақ президент «Ештеңеден қорықпа. Әрі кетсе, бір жыл немесе бір жарым жылдан кейін қайтарып аламыз. Ол кезде бәрі тынышталады деді.
Ең бастысы «сенің екі орынбасарың да түрмеге отырмайды» деген уәде берген. Негізі сол екеуін босатсын деп кетіп қалған едім.
Өз басым президентке сендім ғой. «Сотталып кетем-ау» деген титтей де күмән болмады. Ал кейін «бәлкім, кетпегенде басқаша болар ма еді» деген ой да келді. Бірақ нақты білмедім. Мүмкін, елден кетпесем, бәрібір соттап жіберетін бе еді.
Біз бәрі әділетті, шынайы болады деп күттік. Алайда оларға бұл ойын сияқты.
Біреу былай айтса, оған сенеді, екінші біреу басқаша пікір білдірсе, «түрмеге отырғызайық, сабақ болсын» дейді. Олар адамның өмірін емес, саясатты ойлайды. Бұл жерде бізге қарсы жұмыс істеген Қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаров қана емес, арнайы топ болды ғой», — деп әңгімеледі сотты болған бұрынғы шенеунік.
Мешімбаеваның сөзінше, сотта санаққа бланк, құрал-жабдық ұсынған қосалқы мердігер компаниялар салық төлемей, қаражатты жалған есеп-шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырғанын дәлелдей алмаған.
«Оның бәрін айттық қой. Бірақ бұл сотқа керек емес еді. Қаржы полициясы қалай жеткізді, сот соны жаза салды. Бұл компания маған ешқандай қаржыны пара ретінде ұсынған жоқ. Алайда Қаржы полициясы «Компания қолма-қол ақшаны Мешімбаеваға пара беру үшін шығарған» деген уәж айтты. Сондай-ақ, «бұл қаржыны мені алды және сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовке берді» деп шығарды. Бірақ ақшаны менің алғаным және Мәсімовке бергенім туралы дәлел іздеген де жоқ. Қаржы полициясына Мәсімовті орнынан алу керек болды.
Себебі сол кезде бәрі келесі президент Мәсімов болады деп күтті. Меніңше, мұның бәрі Мәсімовті орнынан кетіру үшін жасалды.
Бұған қалай көз жеткіздім дейсіз ғой. Екі орынбасарымның басына қап кигізіп, «Мешімбаева пара алып, оны Мәсімовке апарып бергенін растаңдар!» деген. Сосын олардан кейін маған дәл солай жасап, «ақшаны Мәсімов алды» деп айтқызбақшы болды. Бар жоспары – Мәсімовті қамату. Әрине, екі орынбасарым да маған қарсы ештеңе деген жоқ. Себебі орынбасарларыма да ешкім пара берген жоқ. Жоқты бар деп қалай айтады?» — дейді ол.
Мешімбаева Назарбаев туралы да қандай пікірде екенін айтты.
«Өтінішті сотталған әр адам жаза алады. Бірақ мен онда кінәлімін деген жоқпын. «Мен ештеңе ұрлаған жоқпын. Менің ерте шығуыма қолұшын беріңіз» деп Статистика саласына модернизация жасағанымды қысқа ғана жаздым. Бірақ ол кінәсіз екенімді сол кезде де білді, қазір де біледі. Сол үшін ертерек шығарды деп ойлаймын. Жалпы біреуге баға беретін ниетім жоқ. Бәлкім, ол кісі өмірден өткен соң нақты бағасын алатын шығар. «Уақыт – безбен» дейді ғой.
Президент боп тұрғанда ел үшін дұрыс шешім қабылдаған кездері көп. Бірақ соңғы кезде өзінің және отбасының айналасындағы былықтары мен қылмыстары әшкере болуы қоғамда теріс көзқарас туғызды.
Шын мәнінде, біздегі байлықпен халқымыз өте жақсы өмір сүруі тиіс еді. Егер зауыт, фабрикаларға, өнеркәсіпке дер кезінде модернизация жасап, ақшаны сол жерге құйғанда қазір басқа, гүлденген Қазақстан болуы мүмкін еді», — деді ол.
Экс-шенді бас бостандығынан айырылған уақытын «Жауғашты» әйелдер колониясында өткізген.
Фото: Лэйла БАСАРОВА