Шымкентте жалған доллар өткізген күдіктілер қамауға алынды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жалған шетел валютасын өткізуді іске асырған күдіктілердің заңсыз қызметін әшкерледі, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Агенттік жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 84 мың 200 АҚШ доллары көлемінде жалған ақша өткізіп жатқан бір топ азамат анықталды. Күдікті 2 адам ұсталды және оларға қатысты соттың санкциясымен 2 ай мерзімге «Қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Бұған дейін Қырғыз Республикасының МҰҚК Қырғызстан мен Қазақстан аумағында номиналы 100 АҚШ доллары болатын жалған банкноттарды өткізген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін анықтап, жолын кескен болатын.
Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының МҰҚК жалған долларларды өткізу күдігі бойынша Қазақстан Республикасының азаматын ұстады. Оның Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеп жатқан қылмыстық істің мән-жайларына қатысы бар.
Қазір осы топқа қатысы бар басқа да адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қолма-қол ақшамен операциялар мен есеп айырысуларды іске асыру кезінде қырағылық танытуға шақырады.
Фото: видеодан скрин