Биылдан бастап Наурыз мейрамы жаңаша тойланады
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев биылдан бастап Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта аталып өтетінін айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Сондай-ақ ол Наурыз мейрамы Мемлекет басшысының ұсынысымен жаңаша тойланатынын еске салды.
Мереке 10 күн – 14-23 наурыз аралығында өтеді, бұл кезең Наурызнам деп аталады. Бірыңғай логотип бекітіліп, барлық өңірлерге жіберілді, — деді Сәбит Барлыбаев.
Ол Наурыз мерекесін тойлау бағдарламасымен де бөлісті:
14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі ретінде тойланады. Ол еліміздің батыс аймақтарында сақталып, енді барлық облыстарда тойлану ұсынылып отыр.
- 15 наурыз – Мейірімділік күні қайырымдылыққа, мейірімділікке, тату көршілікке арналады.
- 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні мәдениетімізді, өнерімізді және ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
- 17 наурыз – Шаңырақ күні – отбасылық құндылықтарымызды, үлгілі отбасыларды дәріптеуге, адамгершілікке тәрбиелеу мәселелеріне арналған мәдени шаралар ұйымдастырылады.
- 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурыз мейрамының онкүндігінде еліміздің барлық аймақтарында ұлттық киімімізді дәріптеуге бағытталған түрлі шаралар өтеді.
- 19 наурыз – Жаңару күні – көктемгі ағаш отырғызу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
- 20 наурыз – Ұлттық спорт күні – еліміздің барлық аймақтарында ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырылуда.
- 21 наурыз – Ынтымақтастық күні. Бұл күннің идеясы – жалпы адамдардың бір-біріне деген құрметін арттырып, татулық пен бірлікке ықпал ету.
- 22 наурыз – Жаңа жыл. Бұл күні еліміздің барлық аймақтарында ұлттық мәдени-спорттық шаралар өтіп, этноауылдарда, түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылуда.
Жаңа жылдың символы Наурыз мейрамының соңғы күні 23 наурыз – Тазару күні болып жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
Сонымен қатар, 14-23 наурыз аралығында «Наурыз – базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда нүктелерінде жаппай сатылым, сонымен қатар жеңілдіктер қарастырылатын болады.
Фото: google